НҰР-СҰЛТАН, 3 ақпан – Sputnik. Beeline ұялы байланыс операторы бірқатар қалада мобильді интернет шектелгенін растады.
Бұған дейін батыстағы қалалардың тұрғындары интернет істемей тұрғанын жазған еді.
Компания Ақтау, Атырау, Орал, Петропавл, Қызылорда және Ақтөбе қалаларында мобильді интернет қызметін ұсынуда шектеу байқалатынын растады.
"Алдын ала мәлімет бойынша, белгісіз біреулер бұрғылау жұмыстары кезінде Beeline талшықты-оптикалық кабельдеріне зақым келтірген. Мобильді оператор инженерлері оқиға орнында, қазір байланысты қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр", - делінген ұялы байланыс операторының хабарламасында.
Орал тұрғындары жергілікті уақытпен 12:40 шамасында қалада Beeline абоненттерінде интернет "жоғалғанын" мәлімдеді. Көп ұзамай мұндай проблемаға Ақсай мен Ақтөбе тұрғындары да тап болған. Алматы қолданушылары парақшаларды жүктеу жылдамдығы төмендегенін айтып жатыр.
Қазіргі таңда Ақтөбе мен Қызылордада байланыс қалпына келді, деп хабарлады компания.