Өңірлер

Ең қымбат ет қай қалада сатылатыны белгілі болды

Жалпы Қазақстанда 2021 жылы ет 9%-ке қымбаттаған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 1 ақпан — Sputnik. Қазақстан қалаларының ішінде ең қымбат ет Алматы мен елордада сатылатыны белгілі болды, деп хабарлайды Energyprom.kz.
2022 жылдың қаңтар айының соңында Қазақстанда сиыр етінің бір килограмының орташа бөлшек сауда бағасы 2 236 теңгені құрады. Қой еті 2 418 теңгеге дейін, жылқы еті 2603 теңгеге дейін қымбаттады.
Алты ай қатарынан бір килограмы 1 000 теңгеден жоғары бағада болған тауық етінің бағасы қаңтардың соңында 1 075 теңгені құраса, шошқа еті 1 855 теңгеге дейін қымбаттады.
Ең қымбат елордада тіркелді. Мұнда сиыр еті - 2 506 теңге, қой еті - 2 987 теңге, жылқы еті - 3 015 теңге және тауық еті - 1 208 теңге.
Алматыда сиыр еті – 2 325 теңге, қой еті – 2 920 теңге, шошқа еті – 2 060 теңге, жылқы еті – 2 939 теңгеден саудаланып жатыр.
Алматы әкімдігі сиыр етінің төс-жауырын бөлігінің бір килограмын 2 050 теңгеден, яғни қаладағы орташа құнынан 13,5%-ке арзан сатып алуға болатын "ет дүңгіршектерін" іске қосқанын хабарлады.
Алайда БАҚ-тың хабарлауынша, мұндай бағадағы ет сөрелерде пайда болғаннан кейін бірнеше сағатта-ақ сатылып, түстен кейінгі уақытта таусылып қалады.
Жалпы, 2020 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 2021 жылы ет пен құс етінің бағасы 8,6%-ке өсті. Ал бір жыл бұрын сектордағы баға өсімі 12,7%-ті құраған.
Өткен жылы Маңғыстау облысында ет пен құс етінің бағасы бірден 14%-ке өсті. Шымкент пен Түркістан облысында сәйкесінше баға 11,8% және 11,3% - ке қымбаттағаны тіркелген.
Елорда мен Алматыда ет пен құс етінің бағасы тиісінше 8%-ке және 8,2%-ке қымбаттады. Ал Қызылорда (5,4%-ке), Солтүстік Қазақстан (5,6%-ке) және Қостанай (5,9%-ке) облыстарында баға өсімі салыстырмалы түрде төмен болғаны анықталды.

Оқи отырыңыз: