Спорт

Тоқаев шахматтан әлем чемпионы атанған Бибісара Асаубаеваны құттықтады

Асаубаева "блицте" 1-орынды жеңіп, әлемдік шахмат тарихында әйелдер арасында ең жас шахматшы атанды
Sputnik
АЛМАТЫ, 31 қаңтар – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваны қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Президент Варшавада өткен әлем чемпионатында шахматтың "блиц" түрінен алтын және "рапид" бойынша күміс медаль иеленген жас шахматшыны жарқын жеңісімен құттықтады.
Бибісара Асаубаева Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, спорттағы мансабына қатысты жоспарын бөлісті.
Мемлекет басшысы Бибісара Асаубаеваның әлемдік шахмат аренасында Қазақстанның намысын келешекте де лайықты қорғай беретініне сенімді екенін атап өтіп, жеңістен жеңіске жете беруіне тілектестік білдірді.
Айта кетері, Польша астанасы Варшава қаласында өткен әлем чемпионатында 17 жастағы қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева "блицте" 1-орынды жеңіп, әлемдік шахмат тарихында әйелдер арасында ең жас шахматшы атанды.
Сондай-ақ осы чемпионатта Бибісара жылдам шахматтан (рапид) 2-орын иеленді.
"Турнир оңайға соқпады. Үш күн рапид, екі күн блиц, бес күнге созылған жарыста соңына дейін табандылық көрсету керек болды. Мен бірінші тақтада ойнап рапидте соңғы партияны жеңіп, екінші орынды иелендім. Блицте сегізінші айналымнан бастап, көш бастадым. Ақтық кезеңге дейінгі айналымда айқын басымдылықпен бірінші орынға көтерілдім. Ел тарихында ересектер арасындағы шахматтан алғашқы алтын жүлдені жеңіп алғаным үшін өте бақыттымын", - деді Асаубаева.
Оқи отырыңыз: Шахматтан әлем чемпионы атанған Бибісара Асаубаева елге келді