Өңірлер

Изолентамен буындырмақ болған: Өскеменде ер адам оқушыға шабуыл жасады

Оқушы қыз өзін жарақаттаған қылмыскердің қолынан сытылып шыққан
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 31 қаңтар – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны оқушы қызға қарақшылық шабуыл жасағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Оқиға мамыр айының соңында болған, бірақ шабуылдың мән-жайы сот отырысында белгілі болды, деп жазады YK-News.
Сот материалдарына сүйенсек, сол күні қыз құрбысымен бірге күн батқанға дейін көшеде жүрген. Қараңғы түскенде, үйлеріне тараған. Оқушының құлағында сымсыз құлаққап болған, сол себепті артында біреу келе жатқанын естімеген. Телефондағы кезекті әуен аяқталуға тақағанда ғана елең еткен. Дәл сол сәтте ер адам оған тап беріп, қолындағы изолентамен буындырмақ болған. Бірақ оқушы қыз қолын лентаның астынан өткізіп үлгеріп, күшпен жұлқып қалған. Изолента үзіліп, бір бөлігі оның шашына жабысты, ал екінші бөлігі қылмыскердің қолында қалды.
Ер адам қызды газонға құлатып, басынан ұра бастаған. Қыз қарсыласып, көмекке шақырған. Сол маңнан өтіп бара жатқан жастар айғайды естіп, көмекке ұмтылғанда қылмыскер қорқып, ізін жасырыпты.
Оқи отырыңыз: Алматыда оқушы қызға кімнің шабуыл жасағаны белгілі болды
Біраз уақыт өткен соң құқық қорғаушылар қаскөйді өзі тұратын Белоусовка ауылынан (Өскемен маңы) тапты. Ұсталған адам бұған дейін де істі болған. Қыз өзіне шабуыл жасаған ер адамды таныды.
Сот қарақшылық шабуыл жасағаны үшін қылмыскерді бес жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ ол жәбірленушіге моралдық және материалдық шығын ретінде жарты миллион өтемақы төлеуі керек.