Қоғам

Nur Otan саяси кеңес құрамындағы өзгерісті түсіндірді

Саяси кеңестің құрамында азаматтық сектордың өкілдері айтарлықтай артты
Sputnik
АЛМАТЫ, 28 қаңтар – Sputnik. Nur Otan партиясы саяси кеңес құрамына енгізілген өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"389 делегаттың 389-ы Саяси кеңес құрамының өзгерістеріне дауыс берді. Оған партия мүшелерінің санына пропорционалды түрде барлық өңірдің өкілдері енді. Жалпы партияның жоғары өкілді органы 55%-ке жаңарды", - делінген ақпаратта.
Әйелдердің үлесі 33,7%-ке дейін өсті. 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 6 есеге, 13%-ке дейін артты.
Орташа жас мөлшері 4 жылға төмендеп, 47 жасты құрады. Мемлекеттік қызметшілер саны үштен бірге қысқарды.
Саяси кеңестің құрамында азаматтық сектордың өкілдері айтарлықтай артты.
Білім беру саласының өкілдері 2 есеге (10%) артты. Үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ үлесі 2 еседен астамға, 15,2%-ке ұлғайды.
Айта кетері, бұған дейін Nur Otan партиясының саяси кеңесінің құрамы жаңартылғаны, тізімде Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мен партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жоқ екені хабарланды.
Сондай-ақ тізімнен мемлекеттік хатшы Ерлан Карин, Дархан Кәлетаев, министр Дәурен Абаев, әкім Гүлшара Әбдіқалықова да шығып қалған.
28 қаңтарда өткен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Nur Otan" партиясының төрағасы болып сайланды. Артынша партия қызметі қалай өзгеруі керек екенін айтты.