НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер басшыларының "Орталық Азия – Үндістан" атты алғашқы саммитінде экономиканы цифрландыру мәселесіне тоқталды, деп хабарлады Ақорданың сайты.
Мемлекет басшысы еліміздің осы саладағы әлеуеті туралы айта келе, жасанды интеллектіні енгізу, Big Data, интернет заттар, онлайн-коммерция және кибер қауіпсіздік, сондай-ақ елімізде телекоммуникациялар және электронды өнеркәсіп, электронды техникалардың жиынтық бөлшектерін шығару саласындағы зертханаларды ашу сияқты бірқатар маңызды бағытты атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға әзір екенін растап, үндістандық серіктестерді Қазақстан нарығына шақырды.
"Қазақстан халқына Жолдауымда 2025 жылға қарай кемінде 100 мың жоғары білікті IT-мамандарын даярлау міндетін жүктедім. Осыған байланысты Үндістанның IT және инженерлік кадрларды даярлаудағы тәжірибелері қызығушылық тудырады", – деді президент.
Тоқаев халықаралық Astana Hub IТ-стартаптар технопаркінің базасында Bagmane технологиялық паркімен және Үндістанның басқа да IT саласындағы алпауыттарымен бірлесе отырып, Орталық Азияға арналған инженерлік кеңсе мен ақпараттық технологиялар мектебін ашуды ұсынды.