НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Шымкент қаласында ірі көлемде алаяқтық жасаған үш әйел ұсталды. Олар халықты 400 миллион теңгеге алдап кеткен, деп хабарлады Polisia.kz порталы.
Тергеу материалдарына сәйкес, өткен жылдың күзінде алаяқ әйелдер дүкенге кірген қала тұрғынына жолығып, тез баюдың қызықты схемасын ұсынған. Сөйтіп "300 мың теңгені өзіңе алып, 700 мың теңгені бізге берсең, кредитті толықтай өзіміз жабамыз" деп, бір миллион теңге кредит алуға көндірген. Бірақ кредит төлейтін уақыт жақындағанда із-түзсіз жоғалып кеткен. Жәбірленуші бірден полицияға хабар берді.
Полицейлер алдымен алаяқтар жүрген жердегі бейнекамераларды көріп шықты. Көп ұзамай ізіне түсіп, үшеуінің жеке басын анықтады. Олардың бәрі қамауға алынды.
"Үшеуі де Түркістан облысының тумасы болып шықты. Тергеу барысында бір схема бойынша алаяқтардың 500-ге жуық адамды алдағаны белгілі болды. Жалпы шығын шамамен 400 миллион теңгені құрап отыр", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, бірнеше рет жасалған әрекет) бойынша тергеу шаралары басталды. Оған сәйкес, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі деп танылған адамдардың мүлкі тәркіленеді.