АЛМАТЫ, 26 қаңтар – Sputnik. 5-6 қаңтарда Алматыда болған тәртіпсіздік кезінде халықаралық әуежайды бүлікшілер басып алды, әуе айлағы ғимаратында орналасқан дүкендер тоналды. Оның ішінде "Француз үйі" дүкені де бар. Ол жерден 17 миллион теңгеден астам соманың тауары ұрланған.
Көлік полициясы дүкенді тонаған бірге тұратын жұпты анықтап, ұстады. Олар ұрланған тауарды үйінде сақтап, кейін сатпақ болған.
Тәркіленген заттай дәлелдемелер 1,5 миллион теңгеге бағаланады, деп хабарлады көліктегі полиция департаменті.
Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 35 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал 33 жастағы әйелдің кәмелетке толмаған екі баласы болуына байланысты "ешқайда кетпеу туралы қолхатпен" босатылған.
Алматы әуежайындағы "Француз үйі" дүкенінің иесі көлік күзетшілеріне ұрланған тауарды қайтарғаны үшін алғыс білдірді, деді Sputnik Қазақстанға көліктегі полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ләззат Қасымжанова.