Өңірлер

Алматы облысында қараусыз қалған ғимараттан екі тапанша табылды

Қару-жарақтың жанында құралдарды белбеуге қыстыратын арнайы бекіту заттары табылды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 26 қаңтар – Sputnik. Алматы облысының полицейлері қараусыз қалған ғимаратты тексеру барысында екі тапанша мен оқ-дәрілер тапты, деп хабарлайды Polisia.kz.
19 қаңтар күні аудандағы орталық ауруханаға қарсы орналасқан иесіз ғимаратты тексеру кезінде атыс қаруы табылған. Ол жерден екі Макаров тапаншасы, тапаншаларға арналған төрт оқпан және 28 оқ-дәрі тәркіленген.
Сонымен қатар, қару-жарақтың жанында құралдарды белбеуге қыстыратын арнайы бекіту заттары табылды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Салыстыру нәтижесінде бұл атыс қарулары жаппай тәртіпсіздік кезінде Талдықорған қаласының полиция басқармасы ғимаратынан ұрланғаны анықталды.
Табылған барлық қару-жарақ қылмыстық іс материалдарына тіркеу үшін Алматы облысы тергеу басқармасына жолданды.
Оқи отырыңыз: Адвокат "Дикий Арман" қандай күдікке ілінгенін айтты