НҰР-СҰЛТАН, 25 қаңтар – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов елдегі карантиндік шаралар бизнестің жұмысына кедергі келтірмеуі керек екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет басшысы өңірлерде коронавирус індеті әлі де өршіп тұрғанын атап өтті. Вирус ең көп Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстары мен елордада таралған. Түркістан облысынан басқа өңірлердің бәрі "қызыл" аймақта тұр.
Смайылов эпидемиологиялық жағдайды әрі қарай бақылауда ұстауды тапсырды.
"Сонымен қатар ведомствоаралық комиссия "Атамекен" палатасымен бірге президенттің бизнеске арналған карантиндік шектеулерді қайта қарау жөніндегі тапсырмасын ескере отырып, тиісті шаралар әзірлеуі қажет. Бизнестің жұмысына бөгет жасамай, туындаған проблемаларды бірлесіп шешуіміз керек", деді премьер үкімет отырысында.
Ол денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер вакциналау және ревакциналау жұмыстарын күшейтуге тиіс екенін мәлімдеді.