Экономика

Тоқаев жаңа Қазақстанды қалай құрады – президенттің маңызды бастамалары

Мемлекет басшысы мәжіліс отырысы мен отандық бизнесмендермен өткен кездесуде Қазақстанның жаңа экономикалық саясатына тоқталды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 23 қаңтар – Sputnik. Қасіретті қаңтар оқиғаларынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді дамудың жаңа кезеңіне шығаратын реформаларды жария етті. Мемлекет басшысы отандастарды жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды. Ол отандық ірі кәсіпкерлермен жеке кездесіп, қазақстандық бизнес енді қалай өзгеретінін айтты.
Sputnik Қазақстан президенттің әлеуметтік-экономикалық бастамаларына шолу жасады.

Халықтың табысы артады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтың табысы экономика өсіміне қарай артуға тиіс деп санайды. Сол себепті ол халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Үкімет "Атамекен" кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, құжатты екі ай ішінде қабылдауы керек.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы кедейлер мен байлар арасындағы алшақтықты азайтып, жұмысқа мұқтаж азаматтардың нақты санын есептеуді тапсырды.

Депутаттар мен шенеуніктердің жалақысына мораторий

Алдағы бес жылда министрлер, депутаттар мен әкімдердің жалақысы көтерілмейді. Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттар мен шенеуніктердің айлығын өсіруге бес жылдық мораторий жариялады. Президент олардың жалақысы әбден жеткілікті деп санайды.
Оқи отырыңыз: Қазақстан экономикасын елдегі бүліктен кейін не күтіп тұр – сарапшылар болжамы
"Бұл жаңалық мәжіліс депутаттарына ұнамайтынын түсінемін, бірақ мұны түсіністікпен қабылдайсыздар деген ойдамын", - деді мемлекет басшысы.
Ал әкімшілік мемлекеттік қызметшілер мен бюджет қызметкерлерінің жалақысы бюджеттің мүмкіндігіне қарай артады.

Инфляцияны 3-4%-ке дейін төмендету

Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыру үшін жалақы мен зейнетақыны өсіру жеткіліксіз екенін айтады. Жалақы өскен сайын, азық-түлік пен тауар, қызмет бағасы шарықтайды.
"Ұзақ жылдар бойы жоғары инфляция экономиканың басты проблемасы болып отыр. Ол экономикалық және әлеуметтік саясаттың тиімділігін төмендетеді. Бұл мәселеге нүкте қойып, бағаны тұрақтандыратын кез жетті", - деді президент.
Тоқаев үкімет пен Ұлттық банкке 2025 жылға қарай инфляцияның нысаналы дәлізін 3-4%-ке дейін төмендетуді тапсырды.

Экономиканы әртараптандыру

Қазақстан ендігі кезекте экономиканы әртараптандыруға көшеді. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы. Себебі әртараптандыру болмаса, азаматтардың әл-ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мүмкін емес.
Әртараптандырудың басты бағыты – өңдеу өнеркәсібін дамыту. Тоқаевтың сөзінше, ел экономикасындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі әлі күнге дейін. Қазақстан бірқатар өнім түрінен импортқа тәуелді. Алюминийден, мыстан жасалған дайын бұйымдар, машина жасау саласына қажетті жабдықтар әлі күнге дейін шетелден әкелінеді.
Оқи отырыңыз: Сыртқы игіліктің шикізаттық лағынетке қалай айналғанын байқамай қалдық – Тоқаев
Осыған байланысты мемлекет басшысы үкіметке бүкіл өнеркәсіп саласына терең талдау жүргізуді тапсырды. Талдау негізінде нақты жобалар әзірлеп, инвесторларды тарту қажет, деді Тоқаев.

Утилизациялық алым мөлшері өзгереді

Президенттің тапсырмасымен утилизациялық алым жинайтын жекеменшік "Оператор РОП" компаниясының қызметі тоқтатылды. Оның функциясы мемлекеттік "Жасыл даму" операторына берілді.
Сондай-ақ утилизациялық алым ставкалары қайта қаралатын болды.

Капиталды елден шығаруға тосқауыл қойылады

Қазақстан капиталды елден негізсіз шығаратын тұлғаларды бақылауға алады. Сонымен қатар күмәнді транзакциялардың бәрі тексеріледі. Тоқаевтың айтуынша, төтенше жағдай кезінде жекелеген тұлғалардың шотында белсенділік байқалған.
Отандық кәсіпкерлермен кездесу барысында мемлекет басшысы бизнесмендерге "Мұнда табыс табамыз, ал басқа жерде жұмсаймыз" деген қағидатқа жол берілмейтінін ескертті. Сондықтан екі бағытта жұмыс жүргізіледі: капиталды елге қайтарғаны үшін ынталандыру және қаражаттың офшорларға кетуіне жол бермейтін тосқауылдар қою.

"Самұрық-Қазына" қорының тағдыры не болады

Қазақстан президенті "Самұрық-Қазына" қорының тиімділігіне күмән келтірді. Тоқаевтың айтуынша, қор өзінің негізгі міндетін орындап отырған жоқ, ұлттық байлықты еселеуге қосқан үлесі де шамалы.
Осыған байланысты ол қорды түбегейлі реформалауды тапсырды. Егер бұл  мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның ел экономикасына қажеті жоқ екенін ашық айтты.
Оқи отырыңыз: Тоқаев "Самұрық-Қазынадағы" олқылықтарды жоюға бір ай уақыт берді
"Қазір қор – өте үлкен құрылым. Жабықтық, "саяси маңызы бар адамдарды" тағайындау, сатып алулардың тиімсіздігі, еңбек қатынастарындағы дау-дамай, ауқымды жобалардың аяқсыз қалуы және тиімсіздігі, компанияны ұстап тұру шығындары  – бұлардың бәрі қоғамның наразылығын тудырып отырған мәселелер. Күні бүгінге дейін мұнайхимия саласын қалыптастыра алмадық. Кеңес дәуірінде салынған зауыттарды қайта жөндеумен келеміз. Директорлар кеңесі рөлі мен тәуелсіз директорлардың қатысуы көп жағдайда ештеңе шешпейді. Қорды түбегейлі реформалау міндетін жүктеймін. Бұл мәселе бойынша Алмасадам Сәтқалиевпен сөйлестім. Егер ол жүктелген міндетті атқара алмаса, өзі де, қор да бірге кетеді", – деді мемлекет басшысы.

"Достарына жағдай жасайтын" банк

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан даму банкін сынға алды. Айтуынша, ҚДБ белгілі бір адамдарға қызмет көрсететін жекеменшік банкке айналды.
"Олар қаржы-өндірістік және құрылыс топтарының атынан шығып жатады. Біз әрбіреуінің аты-жөнін білеміз. Олар жоғары кабинеттерге емін-еркін кіре алатынын біледі. Осыны пайдаланып, өз жобаларын іске асыру үшін ерекше жеңілдіктерді алады. Дәл сол жобаларға мемлекеттің ресурстары да жұмсалады. Оны шағын және орта бизнеске салуға болатын еді", - деді президент.
Тоқаев Қазақстан даму банкінің қызметін қайта қарап шығуды тапсырды. Үкіметке мемлекеттік қолдау шараларына бөлінген қыруар қаржының тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету міндетін жүктеді.

"Халыққа тиесіліні қайтаратын кез жетті"

Президенттің тапсырмасымен "Қазақстан халқына" қоғамдық-әлеуметтік қоры құрылды. Оған ірі компаниялар жыл сайын ақша аударады. Қор басқа да көздерден қаржыландырылады.
"Елбасының арқасында елде табысы мол компаниялар мен тіпті халықаралық өлшем бойынша бай адамдар тобы пайда болды. Қазақстан халқына тиесіліні қайтарып, оған жүйелі және тұрақты негізде көмектесу уақыты келді деп санаймын. Сол себепті үкіметке компаниялар тобын анықтап, олармен қорға аударылатын жыл сайынғы жарнаның мөлшерін келісуді тапсырамын", - деді Тоқаев.
Ол "Қазақстан халқына" қоры президенттің, үкіметтің немесе қандай да бір мемлекеттік органның емес, халықтың қоры болатынын атап өтті.

Салықтан жалтаратын бизнес

Қасым-Жомарт Тоқаев салықтан жалтаратын ірі бизнес өкілдеріне ескерту жасады. Ол премьер-министрге бұл мәселені біржолата шешуді және қазынаны өзіне тиесілі қаражатпен толтыруды тапсырды. Әйтпесе, бизнесмендерді қатаң шара күтіп тұр.
"Сол кезде балалар ертегісіндегі әзіл сияқты "Кім жасырынып үлгермесе, мен кінәлі емеспін", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы экономиканы деолигополизациялау бойынша қатаң саясат қажет екенін мәлімдеді. Ол бүкіл тапсырысты бір ғана компанияға үйіп-төкпей, кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыру керек екенін айтты.

Газ экспорты

Енді газ экспортына тыйым салынуы мүмкін. Себебі елде газ тапшылығы байқалады.
Президенттің айтуынша, кәсіпкерлер мен облыс әкімдері индустриялды жобаларды жүзеге асыру үшін газ бөлу туралы өтініш білдірген. Ал газ жоқ.
Оқи отырыңыз: Тәртіпсіздіктен зардап шеккендер кредит төлеу мерзімін шегере алады
"Газды отандық өндірісті іске қосу үшін пайдаланудың орнына экспортқа шығаратын жағдайға енді жол берілмейді", - деді Тоқаев.
Осы орайда мемлекет басшысы "Самұрық-Қазына" қорының газ саласындағы жұмысын реформалауды тапсырды.

"Қазақ жастары технарь болуға тиіс"

Алдағы уақытта елдің білім беру саласы өзгереді. Техникалық мамандықтарға баса назар аударылады. "Болашақ" бағдарламасы қайта бағдарланып, жастар, бірінші кезекте, Ресейдің техникалық жоғары оқу орындарына жіберіледі.
"Қазақ жастары технарь болуға тиіс. Үкімет бұл мәселелерді егжей-тегжей пысықтауы керек. Егер әр қаржылық өнеркәсіп тобы заманауи зауыт тұрғызып, ауылдар мен ірі қалалардан 1 мың қарапайым баланы оқытса, оларға адал әрі жақсы табыс табуға мұмкіндік берсе, бұл әлеуметтік тұрақтылықтың нағыз кепілі", - деп санайды Тоқаев.

Министрлер мен әкімдер халыққа жақындай түседі

Президент шенеуніктер халықпен диалог орнатуға құлықсыз екенін атап өтті.
"Мемлекеттік органдардың басшылары халықпен сөйлесуді білмейді, тіпті кейде олардан қорқады", - деді Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Әкімдер наразы халықпен тіл табыса алмады – сарапшылар негізгі себебін айтты
Мемлекет басшысы министрлерге өңірлерге жиі баруды, ал әкімдерге әр елді мекен тұрғындарымен тұрақты кездесу өткізіп тұруды тапсырды.