Видео

"Қорыққаннан істедік": Алматыда бүлікшілерге қару таратқандар ұсталды – видео

Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде күдіктілер қару-жарақ дүкенінен қару алып шығып, Республика алаңына жиналғандарға тарата бастаған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Алматыда жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларға қару таратқандар ұсталды. Олар 19-20 жас аралығындағы жас жігіттер, деп хабарлайды Polisia.kz
Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде күдіктілер қару-жарақ дүкенінен қару алып шығып, Республика алаңына жиналғандарға тарата бастаған. Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында күдіктілердің жеке басын анықтады.
"Олар қаладағы базарлардың бірінің аумағында ұсталды. Қазіргі уақытта айыпталушылар қамауда отыр. Олардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғына міндетті түрде тексеретін боламыз", – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков.
Айта кетері, бүлікшілерге қару таратып жатқан сәт оқиға куәгерлерінің камерасына түсіп қалған. Кейіннен бұл видео әлеуметтік желілер арқылы тарады.
"Біз қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасадық. Бізді осылай жасауға мәжбүр еткен бір топ адам болды. Сосын біз ұрлаған қару-жарақтың жартысын өздеріне алып алды, автоматтарымен сілкіп тұрды. Мен ақ түсті Lexus көлігін жүргіздім", – деді бірінші күдікті.
Айтуынша, противогаз киген, автомат, пышақпен қаруланған адамдар қаруды тез алып шығуды бұйырған.
"Біз мұны қорыққандықтан істедік, бұл адамдар бізге қысым көрсетті. Автомат асынған адамдардан қалай қорықпайсың?, – деп атап өтті екінші күдікті.
Олар қаланы көлікпен аралап, қару-жарақ дүкеніне барғанын жеткізді.
"Ол кезде дүкенді тонап жатты. Біздің көлікке қару тиеп, алаңға алып баруды бұйырды", – деді үшінші күдікті.
Полиция бұл топтың үйлестірушісінің жеке басын және ұсталғандардың әрекетінің шынайы себебін анықтауға кірісті. Қылмыстық кодекстің бірден бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.