Өңірлер

Солтүстік Қазақстанда зейнеткер өз үйінде өртеніп кете жаздады - видео

Егер батыл көршім болмағанда, өзім өрттен шыға алмайтын едім, дейді зейнеткер
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Солтүстік Қазақстанда полиция қызметкері зейнеткерді өрттен аман алып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Айыртау ауданының Саумалкөл ауылында 17 қаңтар күні орын алған түнгі оқиға қайғылы аяқтала жаздады.
"Егер батыл көршім болмағанда, өзім өрттен шыға алмайтын едім", – дейді зейнеткер.
Полицей Рүстем Кәрімнің жас отбасы түннің бір уағында тыстағы шудан оянады.
Терезеден жалынды байқаған олар, шатырларының жанып жатқанын бірден түсінеді. Құжаттары мен бағалы заттарын тез жинап, Рүстем мен жұбайы және екі жасар қызы пәтерден жүгіріп шығады.
Өртке оранып жатқан үйдің екінші жартысында зейнеткер әжейдің тұрып жатқанын білетін офицер, көмекке асықты. Кіреберіс есік өртке оранғандықтан ішке ене алмай, терезені сындырып кірген ол, қою түтіннің ішінен үй иесін тауып алады. Әжей өз бетімен қозғала алмаған.
"Мен жалғыз тұрамын, ол уақытта ұйықтап жатқанмын. Рүстем үйге кіріп, мені тауып алды. Оған дейін улы газды жұтып үлгердім, демалуға қиын болды. Рүстем мені жалындап жатқан үйден қауіпсіз жерге алып шықты", – деп алғысын білдірді Валентина Васильевна аудандық полиция бөлімінің және облыстық ПД басшылығына жазған хатында.
Жедел жеткен өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтады, алайда шатырды аман алып қалу мүмкін болмады. Қазір зейнеткер осы ауылдағы ұлдарының үйінде тұрып жатыр.
"Біз келген кезде көршісі анамызды шығарып алыпты. Оған зор алғысымызды білдіреміз. Өз басын қатерге тіккен", – дейді зардап шеккен зейнеткердің баласы.