Спорт

Бейжің – 2022: Қазақстан құрамасының формасы таныстырылды

Киімді тігу барысында Қытайдың қысқы климаты да ескерілген. Бейжіңде температура кей кезде 20 градустан төмен болады
Sputnik
АЛМАТЫ, 20 қаңтар – Sputnik. Ұлттық Олимпиада комитеті 2022 жылы Бейжің ойындарына Қазақстан командасы киіп шығатын форманы таныстырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мұнда ел атауы алғаш рет "Qazaqstan" деп жазылған.
Қазақстан Ұлттық құрамасының формасы.
Олимпиада командасына арналған спорт формасын қазақстандық ZIBROO компаниясы шығарды. Салтанатты сапқа арналған коллекцияны ресейлік дизайнер, SHISHKIN брендінің негізін қалаушы Дмитрий Шишкин дайындаған.
"Қазақстан құрамасының олимпиадалық экипировкасын дайындауға бір жылдан аса уақыт кетті. Киімді тігу процесіне атлеттердің өзі қатысты. Олар форманың дизайны, сапасына қатысты өз ұсыныстарын білдірді", - делінген Ұлттық Олимпиада комитеті таратқан ақпаратта.
"Бір аптадан соң Қазақстанның олимпиада құрамасы Қытайға ұшады. 4 ақпанда төртжылдықтың басты додасы – қысқы Олимпиада басталады. Токио қарсаңындағы секілді, бұл ойын басталардан бұрын да біз олимпиадалық экипировканы дайындау кезінде спортшылардың ұсыныс-тілегін ескердік. Біз үшін Олимпиада ойындарында спортшыларға осы форманың ыңғайлы, қолайлы болғаны маңызды", - дейді ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков.
Киімді тігу барысында Қытайдың қысқы климаты да ескерілген. Бейжіңде температура кей кезде 20 градустан төмен болады. Сондықтан сыртқы киімге табиғи қаздың жүні салынған, жылуды сақтап, суық өткізбейтін материалдар қолданылған. Киім өте жеңіл және қозғалуға ыңғайлы. Олимпиада ойындарына қатысушылар форманы спорт аренасынан басқа жерде де кие алады, дейді дизайнерлер.
Сондай-ақ киімнің түсінде Олимпиада өтетін су жолбарысы жылы да ескерілген. Шығыс күнтізбесі бойынша 2022 жылы аспан көк, қара және ақ түс басымдыққа ие.
Қазақстан Ұлттық құрамасының формасы.
Айта кетері, қысқы ойындарға арналған форманы таныстыруға жазғы спорт түрлері бойынша олимпиадада бақ сынаған Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов пен Софья Берульцева қатысты.
Сондай-ақ фотосессияға дзюдошылар Жансай Смағұлов пен Ақмарал Науатбек, бокстан ерлер командасының капитаны
Абылайхан Жүсіпов, гимнаст Аружан Қасенова мен "Барыс" хоккейшісі Самат Данияр қатысқан.
Қысқы Олимпиада ойындары 4 ақпан Бейжіңде басталып, 20 ақпанға дейін созылады. Қазақстан командасы спорттың сегіз түрінен бақ сынайды.