Әлем

Коронавирустың жаңа штамдары шыға ма – ДДСҰ мәлімдемесі

Ұйым басшысы коронавирустың жаңа штамдарына қатысты жағдайды үнемі бақылап отырудың маңыздылығын ерекше атап өтті
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 19 қаңтар – Sputnik. Омикрон-штамнан кейін коронавирустың жаңа түрлері шығуы мүмкін. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның бас директоры Тедрос Адханам Гебрейесус мәлімдеді, деп хабарлады РИА Новости.
"Бұл пандемия жақын арада аяқталады деп айту қиын. Әлем бойынша "омикрон" өте жылдам таралып жатқан жағдайда коронавирустың жаңа варианттары шығуы мүмкін", - деді Гебрейесус.
Ұйым басшысы коронавирустың жаңа штамдарына қатысты жағдайды үнемі бақылап отырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Әрбір мутацияны шұғыл зерттеп, қаншалықты қауіпті екенін білген жөн.
"Омикрон" бұған дейінгі штамдармен салыстырғанда ауыр емес, бірақ оны жеңіл ауру деп айтуға болмайды. Омикрон-штамды жұқтырған адамдар да ауруханаға түсіп, қайтыс болады", - деп атап көрсетті Гебрейесус.
Айта кетері, былтыр қарашаның соңында Ботсвана мен Оңтүстік Африка республикасында коронавирустың B.1.1.529 жаңа штамы анықталды. Оның құрамында жасушаларды зақымдайтын S-ақуызында ондаған мутация бар. B.1.1.529 штамы бастапқыда иммунитеті қатты әлсіреген адамның ағзасында пайда болды деген болжам бар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа штамға грек алфавитіндегі 15-ші әріптің атауын беріп, оны "омикрон" деп атады.
Сарапшылар вакцина салғызған және ауырып қайта жазылғандар да жаңа штамды жұқтыруы ықтимал екенін айтты. Шаршаңқылық, бас ауруы, дененің құрысуы "омикронға" тән симптом.
Бұл штамм бұған дейінгі мутацияларға қарағанда үш-жеті есе жылдам таралады. Ал инкубациялық кезеңі үш-бес күн.