Бейжіңдегі қысқы Олимпиада қатаң шектеулер талабымен өткізіліп жатқан екінші ойындар болып отыр. Мұндай шектеу аясында өткен жылдың жазында Токиода жазғы Олимпиада өткен болатын. Олимпиада нысандарында дайындық жұмыстары қалай жүріп жатқанын суреттер топтамасынан көріңіз.
Барлық нысан шығуға шектеу қойылған оқшауланған аумақта орналасқан. Дүбірлі додаға қатысушылар мен қызметкерлердің сыртқы әлеммен байланысын азайтуға жаңа технологиялар үлкен үлес қосып отыр.
Мысалы, негізгі баспасөз орталығындағы асханада даяшы немесе аспаз жоқ: мұнда ас салынған ыдысты жоғарыдан робот жеткізсе, бургерді дайындау міндеті де роботтарға жүктелген.
Қысқы Олимпиада ойындары Бейжіңде 2022 жылдың 4-20 ақпаны аралығында өтеді. Бейжіңдегі Олимпиада нысандары үш кластерге бөлінген: Бейжің, Яньцин және Чжанцзякоу (Хэбэй провинциясы).
Олимпиада ойындарына 4 мыңға жуық атлет қатысады. Спортшылар 15 спорт түрінен барлығы 109 медаль жинағы үшін тартысқа түседі.
Бобслей, шорт-трек, фристайл, трамплиннен шаңғымен және сноубордпен секіру бойынша жаңа жарыс түрі ойын бағдарламасына енгізілген.