НҰР-СҰЛТАН, 17 қаңтар – Sputnik. "ҚазАзот" АҚ жай акцияларды сатып алу бойынша арнайы мамандандырылған сауда-саттық ұйымдастырылғанын хабарлады. Сауда-саттық 2021 жылдың 10 желтоқсанында өткен.
Белсенді өтінімдердің көлемі 85 000 жай акцияны құрады. Ұсынылған өтінімдер бойынша орташа өлшемді баға 788 858,82 теңге болды.
Сауда-саттық нәтижесінде акционерлік қоғамның жай акцияларының 85%-ін "Kazakhstan Petrochemicals" ЖШС сатып алды, 15%-і бұрынғы иесі – Бахаридин Әбіләзімовте қалды. Еске сала кетейік, Әбіләзімов бүлік кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдап, "Күшіміз бірлікте" қорына 500 миллион теңге аударды.
Осылайша "Joint Resources" АҚ (100% Тимур Құлыбаевқа тиесілі), Дінмұхамед Ыдырысов және Ержан Достыбаев өз акцияларын сатқан.
Сонымен қатар өткен жылдың желтоқсан айының соңында "ҚазАзот" АҚ директорлар кеңесінің құрамы өзгерді. Жаңа құрамға сайланғандар: Б.Н. Әбіләзімов – директорлар кеңесінің мүшесі, директорлар кеңесінің төрағасы, Р.Р. Аязбаев – директорлар кеңесінің мүшесі, К.О. Исказиев – директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор, К.Н. Ибрашев – директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор, А.А. Маулешев – директорлар кеңесінің мүшесі.
Еске сала кетейік, Қазақстанға танымал бизнесмен, Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы қызметінен кетті.
"ҚазАзот" АҚ – аммиак және аммиак селитрасын өндіріп, экспорттайтын компания.