Қоғам

Дариға Назарбаева қаңтар айының соңына дейін демалыста болады

Бұған дейін Дариға Назарбаеваның коронавирус инфекциясына шалдығып, үйінде жатқаны хабарланған болатын
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 17 қаңтар – Sputnik. Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева осы жылдың қаңтар айының соңына дейін жалақысы сақталмайтын демалыста болады, деп хабарлады zakon.kz сайтына оның баспасөз хатшысы.
Бұған дейін Дариға Назарбаеваның коронавирус инфекциясына шалдығып, үйінде жатқаны хабарланған болатын.
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева қаңтар айының басынан бері парламентке келмеді.
Ол 5 қаңтар күні мәжілістің отырысына қатыспады. Дариға Назарбаева 11 қаңтарда президент жаңа премьер-министрдің есімін жариялағанда да (онлайн режимде) көрінбеді. 12 қаңтарда өткен мәжіліс отырысында да болмады.  
Мәжілістің жетінші шақырылымында Назарбаева Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі болып жұмыс істеп келеді. Комитет басшысы Альберт Рау Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында бұған дейін ол еңбек тәртібін бұзбағанын және тек дәлелді себептермен жұмыста болмағанын хабарлады.
Оқи отырыңыз: Дариға Назарбаева мәжіліс отырысына неге қатыспай жүр