Қаңтар оқиғасы

Алматы облысында ауыл тұрғынынан қару-жарақ арсеналы табылды – видео

Оған Талдықорғанда тәртіпсіздіктер мен бүлікке қатысты деген айып тағылып отыр. Табылған айғақтардың арасында құқыққорғаушылардың каскалары мен бронежилеттері бар
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 17 қаңтар – Sputnik. Алматы облысында 24 жастағы ауыл тұрғыны ұсталды. Одан жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған атыс қаруы мен күш құрылымы қызметкерлерінің арнайы құралдары тәркіленді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қоймадан бес оқжатары бар үш Макаров тапаншасы, 9 мм калибрлі оқ-дәрі, үш бронежилет пен екі полицей каскасы тәркіленді", - деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомство ақпаратынша, ер адам қазір уақытша ұстау изоляторында отыр. Қылмыстық кодекстің 291-бабы "Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында бір отбасы қаза болды – туыстары мән-жайды баяндады
Еске салсақ, 5-6-7 қаңтар күндері Талдықорғанда жаппай тәртіпсіздіктер кезінде облыс әкімдігіне, құқық қорғау органдары бөлімшелеріне, сонымен қатар сауда орталықтары мен дүкендеріне шабуыл жасалды. Кейбір нысандарға өрт қойылып, тоналды. Ұрланғандар арасында атыс қаруы, оқ-дәрі және күш құрылымы қызметкерлерінің арнайы құралдары бар.