АЛМАТЫ, 15 қаңтар – Sputnik. Қаңтардағы митинг пен одан кейінгі тәртіпсіздіктер барысында наразылық білдірушілер бірқатар қалада әкімшілік және коммерциялық ғимарат пен автокөліктерді өртеген.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, төтенше жағдай жарияланған күннен бастап ТЖМ бөлімшелері әртүрлі әкімшілік, оның ішінде мемлекеттік меншік объектілерінде, сондай-ақ тіршілікті қамтамасыз ету объектілері мен бизнес субъектілерінде болған 117 өртті сөндірді. Оның ішінде Алматы қаласында – 58, Шымкент қаласында – 14, Алматы облысында – 9, ШҚО – 3, Жамбыл облысында – 7, Қызылорда облысында 26 өрт болған.
ТЖМ қызметкерлері өрт сөндіру кезінде 30-дан астам адамды құтқарып, 115 адамды эвакуациялады.
Төтенше жағдайларды жоюға жеке құрамнан 1 300-ге жуық адам және 250 бірлік техника жұмылдырылды.
Қызметтік міндетін орындау кезінде 10 қызметкер зардап шекті. Оның ішінде 1 қызметкерге оқ тиді. Жеке құрам қызметкерлеріне медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне қайтарылды.
Өрт сөндіру кезінде жалпы 30 өрт сөндіру-құтқару техникасы қирады. Тәртіп бұзушылар 7 техниканы айдап әкетіп, оның бесеуін өртеп жіберген. Тағы 25 техника қирады.
Қазіргі уақытта 21 техника қалпына келтірілді, қалғаны іске жарамсыз болып қалды.