АЛМАТЫ, 14 қаңтар – Sputnik. Алматыда балабақшалар 20 қаңтардан бастап қайта ашылады. Бұл туралы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"5 қаңтардан бастап қаладағы қалыптасқан жағдайға және қабылданған қауіпсіздік шараларына байланысты жалпы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 71 мыңнан астам бала қамтылған 860 мектепке дейінгі ұйымының, оның ішінде 190 мемлекеттік және 670 жекеменшік балабақшаның жұмысы уақытша тоқтатылды. Төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін, 20 қаңтардан бастап балабақшалар өз жұмысын бастайды", - деді Жылқыбаева.
Басқарма басшысының айтуынша, балабақшалар ашылған кезде қаладағы эпидемиологиялық ахуал ескеріледі. Сондықтан балабақшалар кезекші топ режимінде жұмыс істеуі мүмкін.
"Кезекші топтарға шектеу болмайды. Кей ата-ана эпидемиологиялық жағдайға байланысты баласын балабақшаға жібергісі келмеуі мүмкін. Олар балабақшадан шығып кетпейді. "Не үшін келмедің?" деген анықтама талап етілмейді", - дейді Ләззат Жылқыбаева.
Сондай-ақ 2022 жылдың 13 қаңтардағы Алматы қаласының бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, қаладағы эпидемиологиялық ахуалдыңтнашарлауына байланысты мектеп оқушылары 17 қаңтардан бастап қашықтықтан оқыту форматына көшеді.
"Қалада интернетке қатысты жағдай тұрақталып, мектептердің интернетке қосылуы қамтамасыз етілген. Сонымен қатар қажет болған жағдайда қосымша компьютер немесе ноутбукке, сондай-ақ интернетке қатысты сұрақтар бойынша ата-аналар мектептің бірінші басшыларына немесе аудандық білім бөлімдерінің басшыларына хабарласа алады", - деді Жылқыбаева.
Үшінші тоқсанда мектептердің қандай оқыту платформасын қолданатыны да анықталды. Мектептер Online Mektep, Bilim Land, Microsoft Teams қолдана алады. Сонымен қатар оқушыларға ыңғайлы болу үшін бұрын пайдаланған платформаларды мектептер өздері таңдап, оқыту барысында қолдана алады.
"73 мыңнан астам студент білім алатын 83 колледж 24 қаңтардан бастап оқуды бастайды, колледжер аралас оқыту форматында жұмыс істейді. Атап айтқанда лекция сабақтары онлайн форматта болса, ал практикалық сабақтар санитарлық талаптарды сақтап, икемді кесте бойынша оффлайн режимде ұйымдастырылады", - деді басқарма басшысы.
Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа қаулы шықты – не өзгерді