Өңірлер

13 қаңтардан бастап бірнеше облыста төтенше жағдай режимі жойылады

Жағдай тұрақтанған бірнеше өңірде 13 қаңтардан бастап төтенше жағдай режимі алынып тасталады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 12 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы төтенше жағдайдың күшін жою туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.  
Президент "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасы заңының 9-бабына сәйкес Батыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының шекараларындағы төтенше жағдайдың күшін 2022 жылдың 13 қаңтарындағы 07 сағат 00 минуттан бастап жоюды қаулы етті.
Еске сала кетейік, елдегі бүлікке байланысты Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілген болатын.
Жаппай наразылық 2022 жылдың алғашқы күндері Жаңаөзен мен Ақтау қаласында басталды. Кейін басқа қалалардың тұрғындары да наразылық шеруіне шыға бастады.
Алматы қаласында наразылық білдіру акциясы кезінде содырлар ғимараттар мен мемлекеттік мекемелерге шабуыл жасап, арты үлкен бүлікке ұласты.
Осыған орай президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, 5 қаңтардан бастап 19 қаңтар аралығында Алматы, Маңғыстау, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс-Қазақстан, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Қостанай, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар – Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте төтенше жағдай жарияланды.
Президент төтенше жағдай кезінде уақытша шектеулер мен қажетті шараларды қолға алуды тапсырды.
Оқи отырыңыз: ҰҚК-ның Жамбыл облысындағы департаментіне 350 адам шабуыл жасаған