Қаңтар оқиғасы

Жамбыл облысында тәртіпсіздікке қатысқан тағы 26 адам ұсталды

Жамбыл облысы бойынша жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың саны шамамен 2 мыңға жуық. Қазірге дейін олардың 400-ге жуығы полицияға жеткізілді
Sputnik
АЛМАТЫ, 12 қаңтар – Sputnik. Жамбыл облысында тәртіпсіздікке қатысқан тағы 26 адам ұсталды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ресми ақпаратқа сәйкес, олардан 13 қару-жарақ табылды. Ол бойынша қазір 11 қылмыстық іс қозғалды.
"Жедел-іздестіру шаралары барысында ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің қызметкерлері ұсталғандардан 7 Калашников автоматын, 3 пулеметтік тапанша, 3 пышақ, 100 оқ-дәрі тәркіледі", - делінген ақпаратта.
Жамбыл облысы бойынша жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың саны шамамен 2 мыңға жуық. Қазірге дейін олардың 400-ге жуығы полицияға жеткізілді.
Бүлік кезінде 287 адам түрлі дене жарақатын алып, 42 адам ауруханаға жатқызылған.
Жедел операциялар нәтижесінде ұсталғандардың 31-і соттың шешімімен қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандардан 97 қару-жарақ тәркіленді. 142 әкімшілік іс қозғалған, оның ішінде 110 тұлға 15 тәулікке қамаққа алынса, 9 адамға айыппұл салынып, 23 азаматқа ескерту берілген.
Айта кетері, бұған дейін Жамбыл облысы полиция департаменті облыс бойынша жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген күдікпен 288 адам қамауға алынғанын хабарлады.
Сондай-ақ облыста төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 114 тұрғынға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 476-бабының 1-бөлігінің 10-тармағы ("төтенше жағдай режимін бұзу") бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Сот санкциясы бойынша 108 адам әкімшілік қамауға алынды.