НҰР-СҰЛТАН, 12 қаңтар – Sputnik. Алматыда оқушылар мен студенттер онлайн оқытуға көшірілді. Мұндай шешім коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты қабылданып отыр.
Алматы қаласы бас санитар дәрігерінің міндетін атқарушы Сәдуақас Байғабылов оқушылар 31 қаңтарға дейін, студенттер 6 ақпанға дейін қашықтан оқыту форматына көшірілетінін мәлімдеді.
Балабақшалар қалыпты режимде жұмыс істейді.
Айта кетері, бұған дейін елорданың оқушылары да осындай оқу форматқа көшетіні белгілі болды.
Санитар дәрігерлердің мәліметінше, Нұр-Сұлтанда коронавирустың Омикрон штаммы таралып жатыр. Дәрігерлер эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауын адамдардың вакциналауды елемей, бетперде режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтамауымен байланыстырып отыр.
Елорданың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, бүгіннен бастап сыртта және іште бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынған. Отбасылық және еске алу жиындарын да ұйымдастыруға болмайды. Бірақ "Ashyq" жобасына қатысатын нысандарда 30 адамға дейін жиналып, ас беруге рұқсат бар.
Нұр-Сұлтанда тағы қандай шектеулер енгізілгенін мына сілтемеден оқыңыз.
Оқи отырыңыз: "Омикрон" штамы балаларда ауыр өтеді – инфекционист