Экономика

Алдымызда қысқа мерзім ішінде Алматыны қалпына келтіру міндеті тұр – Тоқаев

Президент үкіметтік комиссияға Алматы әкімдігімен бірлесіп, инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіруді тапсырды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 12 қаңтар – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда жедел штабтың отырысын өткізді. Президент үкіметке қаланы қысқа мерзім ішінде қалпына келтіруді тапсырды, деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаев еліміздің ірі қаласына жасалған террористік шабуыл салдарын өз көзімен көру үшін Алматыға арнайы келгенін айтты.
Президент үкіметтік комиссияға Алматы әкімдігімен бірлесіп, инфрақұрылым нысандарын, оның ішінде мемлекеттік, құқық қорғау және арнаулы құрылымдардың ғимараттарын, бейнебақылау жүйесін қысқа мерзім ішінде қалпына келтіруді тапсырды.
Сонымен қатар зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі.
"Өздеріңізге мәлім, Алматы – менің туған қалам. Осында дүниеге келдім, оқыдым. Алдымызда қысқа мерзім ішінде қаланы қалпына келтіру міндеті тұр. Бұл – менің Президент ретінде және еліміздің азаматы ретінде парызым. Қаланың қалпына келетініне еш күмән жоқ. Үкіметтің алдында қаланың келбетін бұрынғыдан да жақсарту міндеті тұр. Бұл өте үлкен жұмыс", – деді Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Алматыға барды