Саясат

Қазақстанның жаңа премьері тағайындалды

Мәжілістегі үш фракция да оның кандидатурасын мақұлдады. Қатысып отырған 89 депутат кандидатураны қолдап дауыс берді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 11 қаңтар – Sputnik. Парламент мәжілісі президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр қызметіне ұсынған Әлихан Смайыловтың кандидатурасын мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекет басшысы бүгін, 11 қаңтарда мәжіліс отырысына қатысып, премьер-министр кандидатурасына Әлихан Смайыловты ұсынды. Мәжілістегі үш фракция да оның кандидатурасын мақұлдады.
Қатысып отырған 89 депутат кандидатураны қолдап дауыс берді. Тоқаев жаңа премьер-министрге табыс тіледі.
Еске салсақ, 5 қаңтарда елдегі жаппай наразылықтан кейін президент үкіметті отставкаға жіберді. Премьер-министр міндетін уақытша атқару Әлихан Смайыловқа жүктелді.

Смайыловтың өмірбаяны

Әлихан Асханұлы Смайылов 1972 жылы дүниеге келген. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін "қолданбалы математика" мамандығы бойынша тәмамдайды. 1996 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алады.
Әр жылдары қаржы вице-министрі, "ҚазАгро" Ұлттық холдинг президенті, статистика агенттігінің төрағасы, Қазақстан президентінің көмекшісі, қаржы министрі қызметін атқарды.
Үкімет отставкаға кеткенге дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары болып істеді.