НҰР-СҰЛТАН, 11 қаңтар – Sputnik. Жуырда Алматыда арнайы операция барысында ұсталған Арман Жұмагелдиев сот шешімімен 2 айға қамауға алынды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
"Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Арман Жұмагелдиевке қатысты 2 ай мерзімге қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасын санкциялады", - делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеудің өзге мәліметтері ҚПК 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Айта кетері, Арман Жұмагелдиев көпшілікке "Дикий Арман" лақап атымен танымал.
Еске салсақ, 7 қаңтарда Алматыдағы арнайы операция барысында "Дикий Арман" бастаған ұйымдасқан қылмыстық топтың алты мүшесі ұсталғаны хабарланды.
Қылмыскерлерден түрлі марка мен калибрлі 4 жартылай автоматты тапанша, оқ-дәрі, суық қару мен броньдалған көлік тәркіленді. "Дикий Арманды" ұстау сәтінің суреттері жарияланды. Оларға қарағанда ұстау операциясы қонақүйлердің бірінде болған.