НҰР-СҰЛТАН, 10 қаңтар – Sputnik. Қазақстандықтар 10 қаңтарда жаппай тәртісіздіктер кезінде қаза тапқандарды аза тұтады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған қайғылы оқиғалардың салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты биылғы 10 қаңтарды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялау жөнінде шешім қабылдады.
Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде күш құрылымдарының 18 қызметкері қаза тауып, Ұлттық ұлан мен ішкі істер органдарының 748 қызметкері зардап шекті.
Қазақстан бойынша тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен 2 265 адам медициналық көмекке жүгінген. 83 адам ауруханада ауыр халде жатыр.
Бұған дейін Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде 4 жастағы қыз көз жұмғаны туралы жазғанбыз. Сондай-ақ Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде 11 жастағы бала оқ тиіп қаза болды. Тағы бір бала ауруханаға түскен.
9 қаңтарда президенттің төрағалығымен өткен штаб отырысында 125 қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды, ішкі істер органдарына 5,8 мың адам жеткізілді, оның ішінде шетелдіктер де бар.
Кездесу барысында Тоқаев кей өңірлердегі тәртіпсіздіктердің салдарын жою бойынша Үкімет комиссиясын құруды тапсырды.
Мемлекет басшысы Алматыда және басқа да өңірлерде әкімшілік ғимараттарды, әлеуметтік-коммуналдық нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын жедел бастауды тапсырды.
Айта кетейік, лаңкестікке қарсы операция еліміздің бірқатар өңірінде жалғасып жатыр, бірақ Қазақстанның басым бөлігінде жағдай тұрақтанды.