Экономика

Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бизнеске 40 млрд теңге залал келтірілді

Азаматтардан халық жиі тұтынатын тауарлар мен азық-түліктің  тапшылығы туралы қоңыраулар да түсіп жатыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 6 қаңтар – Sputnik.  "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлік палатасы өңірдегі бизнес-қауымдастықтармен бірлесіп, жаппай тәртіпсіздік кезінде келтірілген шығынның мөлшерін анықтап жатыр.
Алдын ала есепке сәйкес, залалдың жалпы сомасы шамамен 40 млрд теңгені құрады (Алматыда 39,5 млрд теңге). Зардап шеккен бизнес субъектілері туралы ақпарат жинау жалғасып жатыр.
"Атамекен" кәсіпкерлердің шығынын жедел желі телефондары арқылы жинап жатыр. Бұдан бөлек ұлттық палатаның өңірдегі филиал қызметкерлері бизнес объектілеріне бара алмай, сырттан бақылап, аралау және көзбен шолу жүргізді. Себебі зардап шеккен нысандардың барлығына бірдей бару мүмкін емес. Кей өңірде нысанға азаматтар жіберілмейді.
Алдын ала болжамның нәтижелеріне сәйкес, объектілердің 70%-нің сыртқы қасбеті бүлінген. Толық тексеру, ақпарат алмасу жұмысы интернеттің жоқтығынан қиындай түсті.
Алматыда полиция басқармасы ғимаратының маңында террористердің көзі жойылды
6 қаңтардағы сағат 17:00-дегі жағдайға сәйкес, 43 объектіде (оның ішінде 12 сауда ойын-сауық орталығы және сауда үйлері) 300-ге жуық бизнес субъекті зардап шеккен. Залалдың жалпы сомасы шамамен 40 млрд теңгені құрады (Алматыда 39,5 млрд теңге).
Негізінен сауда, қоғамдық тамақтану, көлік, қызмет көрсету, сондай-ақ қаржы секторының (әсіресе банкоматтар) субъектілеріне зиян келтірілген. Ғимараттардың қасбеті, кіреберісі, үй-жайлар бүлінген. Қымбат жабдықтар, техника, интерьер заттары, тауарлық-материалдық қор және басқа заттар ұрланған.
Сондай-ақ "ҚОРАМСАҚ" қауымдастығының мәліметінше, Алматы қаласында 6 қару-жарақ дүкені ("Қорған-центр" ЖШС, "Арма-56" ЖШС, "Анна-16" ЖШС, "Анна" ЖШС, "Оружейник" ЖШС, "Pro-Hunt" ЖШС) тоналған.
Ұлттық банк банкоматта ақшаның жоқтығына қатысты түсініктеме берді
Сонымен қатар, азаматтардан мүлікке келтірілген залал және аулаларда, шағын аудандар мен тұрғын үй кешендерінде жарықтың болмауы туралы шағымдар түсіп жатыр. Барлық дерлік банкоматтың жұмысы тоқтап, азаматтардың көбі қолма-қол ақша алып үлгермеген. Салдарынан көптеген азамат азық-түлік сатып ала алмай отыр. Дүкендер тауарларды тек қолма-қол ақшамен сатып жатыр.
Азаматтардан халық жиі тұтынатын тауарлар мен азық-түліктің  тапшылығы туралы қоңыраулар да түсіп жатыр. Бұл дистрибьюторлар жұмысының бөгелуіне байланысты болып отыр.
Мұнымен қоса, кәсіпорын басшылары жұмысшылардың жалақысын есептей алмай отырғанын мәлімдеді, себебі интернет жоқ, транзакциялар тоқтатылды.