Қоғам

Кредиттің кешірілетіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайды – Ұлттық банк

Жалақы, зейнетақы мен жәрдемақыны есептеу және алу, оларды банкомат арқылы шешу секілді банк қызметтері тоқтаған жоқ
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк елдегі наразылыққа байланысты банктердің жұмысына қатысты мәлімдеме жасады. 
"Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатқан – несиелерді есептен шығару туралы ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде хабарлаймыз", - делінген бірлескен мәлімдемеде.
Агенттік пен Ұлттық банк азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды.

Банктердің жұмысы

Ведомство ақпаратынша, екінші деңгейлі банктер үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жалақы мен зейнетақыны, жәрдемақыны есептеу және алу, оларды банкоматтар арқылы шешу секілді барлық банк қызметі көрсетілуде. Қаржы ұйымдарына тиесілі банкоматтар мен терминалдар қолма-қол ақшамен толық қамтамасыз етілген.
Десе де, ведомство интернет желісіндегі іркілістерге байланысты банк қосымшалары мен төлем терминалдарының жұмысында уақытша кідіріс барын атап өтті.
Оқи отырыңыз: Жаппай митинг: Алматыда 7 адам жансақтау бөлімінде жатыр
Кеңселер мен филиалдардың жұмысына қатысты толық ақпаратты банктердің Call-орталығынан білуге болады. Сондай-ақ азаматтар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің +7 (727) 237 10 00 Call-орталығына және Ұлттық банктің 1477 қысқа нөміріне хабарласа алады.

Халық неге көшеге шықты

2 қаңтар күні Маңғыстау облысында наразылық басталды. Тұрғындар сұйытылған мұнай газының бағасын 50 теңгеге дейін түсіруді талап етті. Өңірдегі жағдай ушығып, шұғыл түрде үкіметтік комиссия құрылды. Үкіметтік комиссия белсенділермен келіссөз жүргізіп, халықтың талабын орындады.
Артынша наразылық елдің өзге өңірлерінде де жалғасты.
Алматыда 4 қаңтар кешке жағдай шиеленісіп, наразылықтың соңы тәртіпсіздікке ұласты. Көшеге шыққандар полиция көлігін қиратты. Жағдай ушыққан соң, қаладағы тәртіп сақшылары көзден жас ағызатын газ қолданды.
5 қаңтарда президенттің жарлығымен Алматы қаласында, Маңғыстау облысы және Алматы облысында 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай жарияланды.
Сондай-ақ президент үкіметті отставкаға жіберді. Премьер-министр міндетін уақытша атқару Әлихан Смайыловқа жүктелді.