Оқиға

Наразылық білдірушілер аурухана мен емханаларды зақымдап жатыр – комендатура

Тәртіпсіздік салдарынан жедел жәрдем көліктері мен бірқатар медициналық мекемеге залал келтірілгені хабарланды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар — Sputnik. Алматыда наразылық білдірушілер жедел жәрдем жұмысы мен медицина қызметкерлеріне зиян келтіріп, әлеуметтік нысандарды қиратуда, деп хабарлады қалалық комендатураның ақпарат орталығы.
Қаланың қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, "адамдар мегаполис емханалары мен ауруханаларына кіріп, медициналық мекемелердің мүлкі мен жабдықтарын қиратты".
"Заңсыз әрекеттер салдарынан жедел жәрдемнің бес қызметкері, оның ішінде екі жүргізуші мен үш медицина қызметкері зардап шекті. Олар қалалық стационарларға жеткізілді", - деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ, екі жедел жәрдем көлігі өртеніп кетті. Қалалық кардиологиялық орталықтың қабылдау бөлмесі мен клиникалық-диагностикалық бөлімшенің әйнектері сынған.
Алмалы ауданының алғашқы медициналық-санитарлық көмек ғимаратында вандализм әрекеті тіркелді.
Наурызбай ауданында №7 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлмесіне пациентпен жедел жәрдем көлігінің қатынауы тоқтатылды.
"Сонымен қатар, деструктивті әрекет жасаушылар жедел жәрдем көлігін тоқтатып, балаларды ауруханаларға жатқызуға жол бермей жатыр. Бұл әрекеттер пациенттерге уақтылы медициналық көмек көрсетуге кедергі келтіреді. Азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді", - деді комендатура.