Қоғам

Жаңаөзенде газды негізсіз көтерген екі басшы ұсталды 

Қаржы мониторингі агенттігі бағаны негізсіз көтеру бойынша сотқа дейінгі тергеу шараларын бастады. Газ бағасын 50 теңгеге дейін төмендетуге шешім қабылданды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытының бас директоры мен сұйытылған газ сататын электронды сауда алаңының басшысы ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.
Қаржы мониторингі агенттігі бағаны негізсіз көтеру бойынша сотқа дейінгі тергеу шараларын бастады. Бүгінде "Қазақ газ өңдеу зауыты" ЖШС Маңғыстау облысын және елдің басым бөлігін сұйытылған газбен қамтамасыз етеді.
Айта кетері, 2 қаңтарда сұйытылған газ бағасы күрт көтерілгеннен кейін Жаңаөзен мен Ақтау тұрғындары наразылыққа шықты. Халық 120 теңгеге қымбаттаған газды 50 теңгеге дейін төмендетуді талап етті.
Энергетика министрлігі бір тәуліктен кейін ғана арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, газ бағасы не себепті өскенін түсіндірді. Жаңа жылдан бастап әкімдік газ бағасын реттеуге араласпайды. Шикізат толығымен электронды биржа арқылы сатылады. Сол себепті ендігі кезекте бағаны сұраныс пен ұсынысқа сәйкес нарықтың өзі қалыптастырады екен.
Ал мемлекет басшысы 3 қаңтарға қараған түні Twitter арқылы үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды шұғыл түрде қарастыруды тапсырды. Ертесінде құрамында президент әкімшілігінің қызметкерлері бар үкіметтік комиссия Ақтауға барды. Газ бағасын 50 теңгеге дейін төмендетуге шешім қабылданды.
Маңғыстаудағы наразылықтардан кейін Алматы тұрғындарды көшеге шықты. Түнде тәртіпсіздіктер басталды.
Президенттің жарлығымен  Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 5 қаңтар сағат 01:30-дан 19 қаңтар сағат 00:00 кезеңі аралығында төтенше жағдай енгізілді.
Үкімет басшысы Асқар Мамин отставкаға кетуге өтініш білдірді, президент бұл өтінішті қабыл алды.
Оқи отырыңыз: Президент Маңғыстау облысы мен Алматы қаласында төтенше жағдай жариялады