НҰР-СҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары тағайындалды.
"Мемлекет басшысының өкімімен Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды", - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Мұрат Нұртілеу Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымынан босатылды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберді.
Мемлекеттік хатшы болып президенттің бұрынғы көмекшісі Ерлан Қарин тағайындалды.
Қазақстанда жаңа жылдан кейін газ бағасының күрт өсуіне байланысты наразылық акциялары басталды. Митингілер Маңғыстау облысынан басталып, кейін Қазақстанның басқа өңірлерінде де өтті. 5 қаңтарға қараған түні Алматыда наразылық соңы тәртіпсіздікке ұласты.