АЛМАТЫ, 5 қаңтар – Sputnik. Алматыдағы Республика алаңына мыңнан астам адам жиналды. Жиналғандар бір полиция қызметкерін соққыға жықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Sputnik Қазақстан тілшісінің хабарлауынша, наразылық білдірушілер алаңға келе сала полицияға қар мен бөтелке лақтырған. Митингке шыққандардың бір бөлігі оларды тоқтатпақ болды, алайда тоқтата алмады. Жастар қоршауды бұзып, әрі қарай полиция шебін ығыстыра бастады. Полиция тек қорғанып, қарсы әрекетке бармады. Наразылық білдірушілер күш құрылымары қызметкерлерін Назарбаев көшесіне дейін ығыстырды. Ол жерде де полиция шебі тұрды.
Полиция жарық-шу гранаталарын қолданды
© Sputnik/Александр Мироглов
Дәл сол жерде жарық-шу гранаталары мен көзден жас ағызатын газы бар гранаталар қолданылды. Газ бірнеше минут ішінде алаңға тарады. Наразылық білдірушілер жан-жаққа қашқан кезде бірнеше полиция көлігін талқандады. Жиналғандардың бір бөлігі Желтоқсан көшесіне, енді бір бөлігі Байсейітова көшесі арқылы Абай даңғылына, тағы бір бөлігі Достық даңғылына қарай кетті.
Қала әкімдігінің ғимаратын полицейлер, жедел әрекет ету жасағы мен арнайы жасақ қызметкерлері қоршап тұр.
Қазір адамдар саны азайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Тоқаев мәлімдеме жасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды арандатушылыққа берілмеуге шақырды.
"Іштен және сырттан болған сан түрлі ақпаратқа сеніп, ереуілге салынған топтың құйтырқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдауға шақырамын. Азаматтық және әскери мақсаттағы ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы келеді. Бұл – өрескел қылмыстық әрекет. Билік құламайды, бірақ бізге өзара сенім, өзара диалог керек", - деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бесінші қаңтарда осы мәселеге қатысты арнайы жиналыс өтетінін тағы бір рет еске салды.
Ол барлық заң аясындағы өтініштер мен талаптар ескеріліп, тиісті шешімдер қабылданатынын айтты.