Экономика

Қазақстанда цифрлық әлеуметтік әмиян енгізіледі

Цифрлық әлеуметтік әмиян ЖСН негізінде ашылады. Әмиянға әлеуметтік төлемдер аударылады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 4 қаңтар – Sputnik. 2022 жылы Қазақстанда цифрлық әлеуметтік әмиян енгізіледі. Қазақстандықтар әмиян арқылы жәрдемақы алып, тауарлар мен қызметтер үшін есеп айырысады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
2020 жылы қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік төлемдерді цифрландыруды тапсырған болатын. Осыдан кейін Ұлттық банк сауда және интеграция, цифрлық даму және еңбек министрліктерімен бірлесіп, Қазақстанда әлеуметтік әмиян енгізу жұмысын бастады.
Бұған дейін үкімет 2022 жылы әлеуметтік әмиян өнеркәсіптік пайдалануға берілетінін хабарлады. Ал 2023-2024 жылдары ол Ұлттық тауар өткізу жүйесімен біріктіріледі.
Цифрлық әлеуметтік әмиянға әлеуметтік төлемдер аударылады. Ал ақша электронды түрде болады. Әмиян азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмірі негізінде ашылады. Қазақстандықтар әлеуметтік әмиянды банк картасына балама ретінде пайдалана алады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда "әлеуметтік әмиян" енгізіледі
"Азаматтар әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыны қайда аудару керектігін өздері таңдайды: электронды ақшамен әлеуметтік әмиянға ма, әлде әдеттегі тәсілмен банк картасына ма. Әлеуметтік әмияндағы ақшаны банк картасына аударуға және оны әдеттегідей пайдалануға немесе қолма-қол ақшаға айналдыруға болады", – деп түсіндірді еңбек министрлігі.
Цифрлық әмиянға аударылған әлеуметтік төлемдерді ешкім өндіріп ала алмайды. Себебі ол банктер, салық органдары және коллекторлық фирмалардан қорғалған.
Сондай-ақ әлеуметтік әмиянмен тауар сатып алуға, қызметтер үшін төлем жасауға болады. Оны банк картасына бекіту мүмкіндігі бар.