НҰР-СҰЛТАН, 20 қазан – Sputnik. Премьер-министр Асқар Мамин цифрландыру жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Жиында "әлеуметтік әмиян" жобасы да қаралды, деп хабарлады үкіметтің ресми сайты.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, "әлеуметтік әмиянға" әлеуметтік төлемдер аударылады. Ал ақша электронды түрде болады. Ондай әмиян азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмірлері негізінде ашылады. Осы бастама әзірше пилоттық жоба үлгісінде қолға алынады.
Бүгінде инфрақұрылым да анықталды. Пилоттық жобаны ұлттық банктің жылдам аударымдар жүйесі негізінде сынап көреді.
"Бұл жоба халықты әлеуметтік қолдау құралдарын жетілдіруге және төлемдерді алушылардың есебіне проактивті түрде аудару мүмкіндігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - дейді министр.
Пилоттық жоба 2021 жылы желтоқсанда басталады. Ал 2022 жылы өнеркәсіптік пайдалануға беріледі. 2023-2024 жылдары "әлеуметтік әмиян" Ұлттық тауар өткізу жүйесімен біріктіріледі.
IT-саланы дамыту жоспары
Отырыста ақпараттық технологиялар саласын дамыту жоспары да қаралды. Бүгінде 2025 жылға қарай кемінде 100 мың білікті IT-маман даярлау міндеті тұр. Ол үшін бес жылдың ішінде 20 инновациялық бағдарламалау мектебін ашу, 50 өңірлік ЖОО-ны IT-компаниялар мен бейінді IT-ЖОО қамқорлығына беру, бағдарламалау мектептеріне 20 мың грант бөлу жоспарланып отыр.
2023 жылдан бастап Қазақстанның барлық орта мектептерінде "Информатика" пәнін ҰБТ-ға енгізе отырып, осы пән бойынша "Виртуалды мұғалім" жобасы да қолға алынады. Қазіргі кезде ШҚО-ның 150 мектебінде апробация басталды.
Жылжымайтын мүліктің бірыңғай кадастры
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының (БМЖМК) ақпараттық жүйесін құру шаралары туралы баяндап берді. Осы жұмысқа индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де жауапты.
Жаңа жүйеге сәйкес, жер қоры және жылжымайтын мүлік нысандары туралы ақпаратты кадастрлық карта арқылы алуға болады. Биыл мамыр айында жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтерді тестілік режимде көрсету бойынша пилоттық жоба іске қосылды. 2021 жылдың соңына қарай БМЖМК-ны өнеркәсіптік пайдалануға енгізу жоспарланып отыр.
Алдағы уақытта БМЖМК, мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпараттық жүйелері, "Мекенжай тіркелімі" мен өңірлік геоақпараттық жүйелерді біріктіретін бірыңғай платформа құрылатын болады.
Минералды ресурстар базасы
Ал экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев минералдық ресурстардың ұлттық деректер банкін құру бойынша есеп берді. Осы ақпараттық жүйе арқылы инвесторлар Қазақстанның кен орындары бойынша геологиялық деректерді онлайн-режимде ала алады.
Жер қойнауын пайдалану лицензияларын беру жұмысы да толығымен автоматтандырылады. Ал мемлекеттік органдар үшін жер қойнауын пайдаланушылардың мониторингі мен талдау құралдары қолжетімді болады.
Бүгінде цифрландырудың арқасында қор ақпаратымен танысу, өтінім беру, келісімге қол қою, геологиялық ақпараттың көшірмелерін беру сияқты процестер қысқартылды.
Осылайша, жер қойнауы туралы ақпарат алу рәсімінің мерзімі 6 айдан 1 жұмыс күніне дейін азайып отыр.
"Қазақстан Республикасы минералды ресурстарының ұлттық деректер банкі" ақпараттық жүйесі 2022 жылдың соңына дейін енгізіледі деген жоспар бар.