НҰР-CҰЛТАН, 5 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды арандатушылыққа берілмеуге шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Іштен және сырттан болған сан түрлі ақпаратқа сеніп, ереуілге салынған топтың құйтырқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдауға шақырамын. Азаматтық және әскери мақсаттағы ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы келеді. Бұл – өрескел қылмыстық әрекет. Билік құламайды, бірақ бізге өзара сенім, өзара диалог керек", - деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бесінші қаңтарда осы мәселеге қатысты арнайы жиналыс өтетінін тағы бір рет еске салды.
"Ал жастарға айтарым, жарқын болашақтарыңа балта шаппаңыздар, жақындарыңыз бен туған-туыстарыңыздың жағдайын ойлаңыздар. Жалпы барлық заң аясындағы өтініштер мен талаптар ескеріледі. Тиісті шешімдер қабылданады. Осы мәселелер бойынша арнайы жиналыс өтеді. Мен баршаңыздың парасаттылықтарыңызға сенемін, сіздердің амандықтарыңыз бен еліміздің тұтас қазіргі жағдайы осыған байланысты", - деп түйіндеді Тоқаев.
Маңғыстаудағы наразылық
Еске сала кетсек, екінші қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары наразылыққа шықты. Оған автокөлікке құятын газдың құны литріне 120 теңгеге дейін өскені себеп болған. Наразылық білдірушілер бағаны 50 теңгеге дейін төмендетуді талап етті. Арнайы құрылған үкіметтік комиссия белсенділермен келіссөз жүргізіп, бұл талап орындалатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ Ақтөбе әкімдігі де наразылық білдіргендердің екі талабы - митинг барысында қамауға алынғандар босатылып, сұйылтылған газ бағасы 50 теңгеге дейін арзандатылғанын хабарлады.