НҰР-СҰЛТАН, 4 қаңтар – Sputnik. Газ бағасын төмендетуді талап еткен Ақтау тұрғындары Ынтымақ алаңында киіз үй құрды. Бұл әрекет наразылық білдірушілердің жылынуы үшін жасалған болуы керек. Өйткені түнде қалада ауа температурасы төмендеді.
3 қаңтарда кешкі сағат тоғыздар шамасында алаңға жүздеген адам жиналды. Олардың нақты санын айту қиын, деп жазды жергілікті lada.kz.
Сағат он бір шамасында алаңға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев келді. Ол газ бағасымен келіспейтін жұртшылықпен кездесті.
"Нұрлан Ноғаев президент тапсырмасымен газ бағасын төмендету бойынша үкімет қабылдаған шараларды түсіндірді. Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік аясында өңірдегі жанар-жағар май станциялары газ бағасын 128 теңгеден 85-90 теңгеге төмендету жөнінде шешім қабылдады. Нұрлан Ноғаев бәсекелестікті дамыту мен қорғау агенттігі бағаны негізсіз көтеру жөнінде келісім жасаған жанар-жағар май станциясы иелерін әшкерелеуді қолға алғандығын жеткізді", - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар аймақ басшысы наразылық білдірушілерді қоғамдық тәртіпті сақтауға, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеуге шақырды.
"Кез-келген мәселені мәмілеге келу арқылы шешуге болады", - деді ол.