НҰР-СҰЛТАН, 3 қаңтар – Sputnik. 2022 жылдың 1 сәуірінен кейін зейнетақы жинағының шекті межесі көтеріледі. Оған дейін қазақстандықтар бұрынғы межеден артылған ақшасын баспана сатып алуға немесе емге жұмсай алады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
3 желтоқсанда Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың шекті мөлшері 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күрт өсетіні белгілі болды. Егер 2021 жылы 35 жастағы азаматтар үшін шекті көрсеткіш 2 940 000 теңге болса, 2022 жылы ол 5 060 000 теңгені құрайды.
Бұл жаңалық қазақстандықтардың ашуына тиді. Өйткені көбі зейнетақы шотындағы жеткілікті шектен асқан ақшасын пайдаланып үлгермеген. Халықтың наразылығынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы шекті межеден асқан қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдады. Мемлекет басшысы үкіметке зейнетақы жинағының шекті межесін көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жеткілікті шек көтерілсе, 2022 жылы 582 мың адам зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалана алатынын хабарлады. Алайда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов ондай адамдардың саны 200 мыңға да жетпейтінін мәлімдеді.
Зейнетақы жинағын қайда жұмсауға болады
Баспана мен емге жұмсалатын зейнетақы жинағы қолға берілмейді.
Қаражатты мақсатты пайдалану үшін отбасы мүшелері қаражатты біріктіре алады.