НҰР-СҰЛТАН, 3 қаңтар – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы жағдайға қатысты пікір білдіріп, үкіметке тапсырма берді.
"Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырдым. Шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс", - деп жазды ол Twitter-де.
Сондай-ақ мемлекет басшысы азаматтардың жергілікті және орталық билік органдарына талабын ашық айтуға құқығы бар екендігін айтты.
"Бірақ, бұл заңға, нақтырақ айтқанда, бейбіт шерулер туралы заңға сәйкес жүзеге асырылуы керек", - деді президент.
Естеріңізге сала кетейік, 2 қаңтарда видеоүндеу жолдаған Жаңаөзен тұрғындары өңірде газ бағасы 120 теңгеге дейін қымбаттағанын мәлімдеді. Олар ең төменгі жалақы мөлшеріне сәйкес бағаны 60 теңгеге дейін төмендетуді талап етті.
Жергілікті тұрғындар Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Жаңаөзен басшысы Мақсат Ибағаровқа бейнеүндеу жолдады.
Жаңаөзендіктердің айтуынша, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап "көгілдір" отын бағасы күрт – 120 теңгеге дейін өскен.