НҰР-СҰЛТАН, 2 қаңтар – Sputnik. Коронавирустың "омикрон" штамы басқа штамдармен салыстырғанда өкпені әлдеқайда аз зақымдайды. Вашингтон университетінің, Висконсин университетінің және Токио университетінің америкалық және жапон ғалымдары жүргізген зерттеу нәтижесі Research Square журналында жарияланды.
Мамандар "Омикрон" жұқтырғандардың ағзасында ауру әлдеқайда жеңіл өтуі мүмкін екенін анықтады.
Тышқан мен алақоржынға жүргізілген бірқатар эксперимент нәтижесінде мамандар осындай қорытындыға келді. "Омикрон" жұқтырған жануарларда көп жағдайда ауру белгілері жеңіл өтіп, олардың салмақ жоғалтуы да сирек тіркелген.
Біраз бұрын Кембридж терапевтік иммунология және инфекциялық аурулар институтының ғалымдары "Омикрон" штамы "Дельта" немесе ауыр түрдегі коронавирус секілді өкпеге аса қауіпті емес екенін айтты.
The Telegraph басылымы Оңтүстік Африкадағы Ұлттық инфекциялық аурулар институтының зерттеушілері мен олардың Претория университетіндегі әріптестеріне сілтеме жасап, алдыңғы штамдармен салыстырғанда омикрон-штамынан қайтыс болатындар деңгейі 75 процентке төмен екенін жазды. Ғалымдар жақын уақытта өлім және ауру жұқтыру көрсеткіштері толығымен жіктеліп, бұл эпидемияның аяқталуына және эндемиялық кезеңге аяқ басуға алып келеді деп болжам отыр.
Оқи отырыңыз: Коронавирус пандемиясы 2022 жылы аяқталуы мүмкін – ДДСҰ
B.1.1.529 жаңа штамы қарашаның соңына қарай Ботсвана мен Оңтүстік Африка республикасында анықталды. Оның құрамында жасушаларды зақымдау үшін патогенге қажетті S-ағуызында ондаған мутация бар. B.1.1.529 штамы бастапқыда иммунитеті қатты әлсіреген адамның ағзасында пайда болды деген болжам бар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа штамға грек алфавитіндегі 15-ші әріптің атауын беріп, оны "Омикрон"деп атады. Сарапшылар вакцина салғызған және ауырып қайта жазылғандар да жаңа штамды жұқтыруы ықтимал екенін айтты. Шаршаңқылық, бас ауруы, дененің құрысуы "Омикронға" тән симптом.