НҰР-СҰЛТАН, 1 қаңтар – Sputnik. Ақтаудағы халықаралық әуежай мен теңіз портында "бомба бар" деген ақпарат түскеннен кейін жолаушылардың бәрін қауіпсіз жерге көшіруге тура келді.
"Тексеріс кезінде жарылыс қаупі бар зат табылмады. Барлық нысанның жұмысы штаттық режимде қайта басталды", - деді көліктегі полиция мамандары Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Қазіргі кезде жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген күдікті ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу басталып кетті.
Айта кетері, Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін 5 000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу қарастырылған. Ол шамамен 14,5 миллион теңге болады немесе осы көлемде түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру, я болмаса, осы мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы қолданылады.
14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапқа тартылады. Сондай-ақ осындай хабарламаның кесірінен келген барлық шығын өтеледі. Қылмысты кәмелеттік жасқа толмаған балалар жасайтын болса, шығынды ата-анасы өтейді.