Спорт

Тоқаев Жаңа жыл қарсаңындағы жағымды жаңалық туралы жазды

Бибісара Асаубаева Польшада өткен әлем чемпионатында блицтен үздік көрсеткішке ие болып, жеңімпаз атанды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 31 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шахматтан әлем чемпионы атанған Бибісара Асаубаеваны құттықтады.
​"Бибісара Асаубаеваны блиц бойынша өткен әлем чемпионатындағы жарқын жеңісімен құттықтаймын. Бұл керемет жетістік барша қазақстандық үшін, әсіресе шахмат әуесқойлары үшін Жаңа жыл қарсаңындағы жағымды жаңалық болды. Бибісараның табыстан табысқа жете беруіне тілектестік білдіремін!", - деп жазды Тоқаев Twitter парақшасында.
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Польшада өткен әлем чемпионатында (FIDE World Rapid and Blitz 2021) блицтен үздік көрсеткішке ие болып, жеңімпаз атанды. Жас шахматшы 17 кезеңде 14 ұпай жинап шықты. Екінші орында – рапидтен әлем чемпионы атанған ресейлік Александра Костенюк, Ресейдің тағы бір өкілі Валентина Гунина үшінші орынды иеленді.
Бұған дейін рапидтен әлем біріншілігінде Костенюк пен Өзбекстан өкілі Нодирбек Абдусатторов жеңіске жеткен болатын. Рапидтен әлем чемпионатында екінші орынды Бибісара Асаубаева иеленді (8,5 ұпай).
Бастапқыда турнир Нұр-Сұлтан қаласында өтуі керек еді, алайда эпидемиологиялық шектеулерге байланысты кейінге қалдырылды.
Оқи отырыңыз: Бибісара Асаубаева 17 жасында блицтен әлем чемпионы атанды 
Айта кетері, 17 жастағы Асаубаева бұған дейін классикалық шахматтан 8, 10, 12 және 14 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы, 7, 9 жасқа дейінгі мектеп оқушылары арасында әлем чемпионы атанған.
Рапид және блицтен әлем чемпионаты – спорт жанкүйерлерінің көпшілігі үшін шахмат күнтізбесіндегі айтулы оқиғалардың бірі. Ауқымды шараға 50 елден 200-ге жуық спортшы – әлем чемпиондары мен вице-чемпиондары, қазіргі ел чемпиондары және әлемнің рейтингі жоғары шахматшылары қатысты.
Рапид және блиц бойынша әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 1 000 000 АҚШ долларын құрады.