Білім

Қазақстанда 50 ғалым алты миллион теңгеден сыйақы алды

Ғалымдарға арналған сыйақы биыл алғаш рет тағайындалып отыр. Конкурсқа қатысу үшін барлығы жеті бағыт бойынша 575 өтінім түсті
Sputnik
АЛМАТЫ, 31 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанда "Үздік ғылыми қызметкер — 2021" сыйлығының қорытындысы бойынша 50 үздік ғалым 6 миллион теңгеден сыйақы алды, деп хабарлады білім және ғылым министрлігі.
Жыл сайынғы "Үздік ғылыми қызметкер" сыйлығы ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарды, ғылыми қызметкерлерді қолдауға бағытталған, делінген министрлік таратқан ақпаратта.
"Осы жылы білім министрлігі алғаш рет еліміздің үздік ғалымдары үшін сыйақы тағайындады. Конкурсқа қатысуға өтінім осы конкурс үшін арнайы құрылған және автоматты түрде сегіз өлшемшарт бойынша балдары бар ақпараттық жүйе арқылы қабылданды. Бұл байқаудың ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз етті. Ғылыми жетістіктерді бағалау критерийлері ғылыми және сараптамалық қауымдастықпен бірге жасалды. Байқаудың барлық қатысушысы өтінім беру кезеңінде өз балдарын көре алды", - деді ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева.
Айтуынша, өтінімдерді комиссия қараған және сараптамалық топтар ұсынылған құжаттардың бекітілген критерийлерге сәйкестігін секцияларда тексерді.
Оқи отырыңыз: Қазақстандық вакцинаны жасаушылар мемлекеттік сыйлық алды
Конкурсқа қатысу үшін барлығы 7 бағыт бойынша 575 өтінім түсті. Конкурсқа қатысушылар арасында жаратылыстану ғылымдары, инжиниринг және технологиялар, медицина және денсаулық сақтау, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар, ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары, әскери ғылымдар және ұлттық қауіпсіздік ғалымдары болды. Нәтижесінде Комиссия 6 ғылыми зерттеу институты мен 16 жоғары оқу орнынан 50 ғалымға "Үздік ғылыми қызметкер – 2021" сыйлығын беру туралы шешім қабылдады.
Айта кетері, биыл президенттің тапсырмасымен 500-ге жуық ғалымның ғылыми тағылымдамадан өтуіне стипендия тағайындалды. Сонымен қатар постдокторантура үшін жас ғалымдарға 1000 грант бөлінді.