Қазақстандық вакцинаны жасаушылар мемлекеттік сыйлық алды
09:14 13.12.2021 (жаңартылды: 13:05 01.02.2022)
© Sputnik / Абзал КалиевИзображение Акорды в интерьере резиденции президента Казахстана
© Sputnik / Абзал Калиев
Жазылу
Тоқаев ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықты тағайындады, оны екі ғалымдар тобы – Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы мен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының ұжымдары алды
НҰР-СҰЛТАН, 13 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 6 желтоқсанда әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2021 жылғы мемлекеттік сыйлығын беру туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Президент комиссияның шешімін қарастырып, Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2021 жылғы мемлекеттік сыйлығын екі жұмысқа беруге қаулы етті.
"Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұсынған "Розеофунгин-АС" отандық жаңа түпнұсқалық дәрілік препаратты әзірлеу және оның өндірісін ұйымдастыру" тақырыбындағы жұмыс үшін Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығы биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Аманкелді Құрбанұлы Саданов бас директор болып табылатын авторлық ұжымға берілді.
Авторлық ұжым құрамы:
- бас ғылыми қызметкер, биология ғылымдарының кандидаты Ася Сұлтанқызы Балғымбаева;
- вирусология бөлімінің жетекшісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, биология ғылымдарының докторы, профессор Владимир Элеазарович Березин;
- бас ғылыми қызметкер, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ілияс Райханұлы Құлмағамбетов;
- бас ғылыми қызметкер, биология ғылымдарының кандидаты Людмила Петровна Треножникова;
- "Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамының биология және биотехнология факультеті доцентінің міндетін атқарушы, биология ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Дәулетбайқызы Ұлтанбекова.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығы Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің "Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны ұсынған "Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету: озық ғылыми технологиялар және өндіріс" тақырыбындағы жұмыстар циклі үшін биология ғылымдарының докторы, профессор, жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі Күнсұлу Закарья бас директор болып табылатын авторлық ұжымға берілді.
Авторлық ұжым құрамы:
- бас директордың ғылым және коммерцияландыру жөніндегі орынбасары, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ерғали Орынбасарұлы Әбдірайымов;
- бас директордың өндірістік қызмет жөніндегі орынбасары, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Мархабат Мелісбекұлы Қасенов;
- зертхана меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Лесбек Бекболатұлы Құтымбетов;
- зертхана меңгерушісі, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Мұхит Бармақұлы Орынбаев;
- зертхана меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Күләйсан Тұрлыбайқызы Сұлтанқұлова;
- бас ғылыми қызметкер, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Берік Мұхитұлы Хайруллин.
Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығы Қазақстан Республикасының азаматтарына техниканың, материалдардың және технологиялардың әлемдік аналогтар деңгейіндегі немесе одан жоғары жаңа түрлерін әзірлегені және өндірісті ұйымдастырғаны үшін; экономиканың түрлі салаларында экономикалық және (немесе) әлеуметтік әсерді қамтамасыз ететін мүлдем жаңа бұйымдар, технологиялық процестер әзірлегені және жасағаны үшін беріледі.