Елорда тынысы

"15 жыл күттім": Нұр-Сұлтанда қолжетімді баспана кілті табысталды – видео

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл жеңілдікпен берілетін қолжетімді тұрғын үйдің саны 10 мың әлеуметтік пәтерге дейін көбейді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 30 желтоқсан – Sputnik. Тұрғын үй кезегінде тұрған жүздеген астаналық баспаналы болды. Кейбіреулер пәтер кілтін әкімнің қолынан алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қолжетімді баспана алғандардың ішінде Ғарифолла Жәбікеев те бар. Ол осы пәтерді 15 жыл күткен.
"Мен қатты қуанып тұрмын. Осы үйді 15 жыл күттім. Міне, бүгін Алла жазып, алып жатырмыз. Барлығына көп рахмет!", - дейді Жәбікеев.
Ал Дарья Гесман 2010 жылдан бері баспана кезегінде тұрған.
"Мен ата-анамнан ерте айырылдым. Бірақ біздің мемлекетімізде қолдау бар. Маған екі бөлмелі пәтер берді. Соған өте қуаныштымын. Сол жерде баламмен бірге тұрамын", - деді Гесман.
Ардақ Отарбаев болса, алты жыл бұрын баспана кезегіне тұрғанда бір ұлы болды. Қазір үш баласы бар. Оларға үш бөлмелі пәтер табысталды.
Ресми мәліметке сәйкес, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл жеңілдікпен берілетін қолжетімді тұрғын үйдің саны 10 мың әлеуметтік пәтерге дейін көбейді. Соңғы 3 жылдың өзінде қолжетімді баспана 5,5 есеге артты. 2018 жылы 1800 пәтер болса, 2019 жылы - 2 900 пәтер, ал 2020 жылда 7 мыңнан астам пәтер қолданысқа берілді.
"2022 жылы тағы да 10 мың әлеуметтік пәтер саламыз. Дайындық жұмыстары басталды", - дейді қала әкімі.
Айта кетері, астанада жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы жалғаса береді. Биыл жастарға арналған "Elorda Jastary" арнайы тұрғын үй бағдарламасы да қолға алынды.