НҰР-СҰЛТАН, 26 желтоқсан – Sputnik. Жақын күндері Германия үкіметі елде қалған алты атом электр станциясының үшеуін тоқтататыны белгілі болды, деп жазды РИА Новости.
Бұл жаңалыққа экологияға алаңдаған әлемдік қауымдастық қуануы керек еді. Бірақ, керісінше, шетелдік БАҚ-та жарық көрген ақпараттың басым бөлігі бұл фактіні жамандыққа жорып отыр. Энергетика және қаржы секторындағы мамандар Берлин өзінің "жасыл" амбициясын жүзеге асыруға мейлінше қолайсыз уақытты таңдағанын айтып жатыр.
Көлемі төрт триллион доллардан асатын Германия – Еуропаның басты экономикасы. Ол ұжымдық Еуропаның сенімділігін теңестіретін және кепіл болатын іргетас, оны алға қарай жетелейтін локомотив болып отыр. Сондықтан барлық мүдделі тарап Берлин жүзеге асыратын жобаларды мұқият бақылап отырады. Өйткені ол жобалар көрші елдер мен сауда серіктестеріне қатысты.
Grohnde, Gundremmingen C және Brokdorf деп аталатын үш станцияның істен шығуы емес, ол үшін таңдалған уақыт алаңдатып отыр. Себебі нысандардың жұмысын тоқтату бұрыннан жоспарланып келе жатқан.
Көп елдің үкіметі мен бюджеті үшін 2021 жыл төмен нәтижемен аяқталып жатыр. Себебі әлем экономикасын қалпына келтіруге тырысу мен ауа райы жағдайы энергия тасымалдағыштар бағасының шарықтауына алып келді. Ол сәйкесінше тұрақты тапшылықты, резерв жетіспеушілігін тудырып, электр қуаты құнын бірнеше есе қымбаттатты.
Мысалы, Германияда бір мегаватт-сағат құны қазірдің өзінде 430 еуродан асады. Бұл бір жыл бұрынғы бағадан 350 процентке жоғары. Австрия, Франция және Бельгияда да осы жағдай. Ал 2020 жылдың желтоқсанында мегаватт-сағат биржада жүз еуродан сәл жоғары бағаға сатылды.
Қоймалардағы отын қоры да азайып жатыр. Қарашаның басынан бері еуропалық оператор-компаниялар жерасты қоймаларынан 14 миллиард текше метр газ алып шыққаны белгілі болды. Жерасты резервуарларының қазіргі толу деңгейі 60 процентке бағаланып отыр. Бұл соңғы бес жылдағы ең нашар көрсеткіш. Себебі 2018 жылы құрлықтың Еуропа бөлігінде мұзды циклон жүріп, төмен ауа температурасы наурыздың басына дейін созылды. Қиын кезең болғанымен, аяздың беті ерте ме, кеш пе қайтатынын барлығы білді. Ал қазіргі жағдайда пандемия мен қаржы-энергетикалық дағдарыс қашан аяқталатынын ешкім болжап біле алмай отыр.
Экологиялық ахуалды насихаттайтын шетелдік БАҚ тағы бір фактіні бүгіп қалып отыр. Ол фактіні білмеген адам биржадағы, электр станциялары иелері мен тұтынушылардың мазасыздығын түсінбейді. БАҚ Германия жыл соңына дейін үш АЭС-тен бөлек, экономиканы декарбонизациялау бойынша ерікті түрде қабылдаған міндеттемелер аясында 11 көмір ЖЭС-ті де тоқтататынын жасырып отыр. Сондықтан елдегі электр өндірісі үш емес, бірден 6,4 гигаватқа бәсеңдейді.
Германия өз экономикасының өсімін қамтамасыз ету және сақтау үшін барынша күш салып жатыр. Бірақ электр энергиясын тұтынуды арттырмай оған қол жеткізу мүмкін емес. Егер немістер көздеген мақсатына қол жеткізсе, онда 2030 жылға қаарай олардың индустриясы мен халқына кемінде 700 тераватт-сағат қажет болады.
Жалпы Германия өзінің энергия тасымалдағыштарға сұранысының үштен бірін ғана қамтамасыз ете алады. Қалғанын шетелден сатып алуға тура келіп отыр. Үш атом және он бір көмір электр станциясының бірден тоқтауы энергия теңгеріміндегі кемінде 50 тераватт-сағатты жояды. Бұл жоспарды қыстың беті қайтып, көктем жақындаған шақта емес, энергия тасымалдағыштардың ауыспалы бағасы кезінде жүзеге асырмақшы, алда әлі аяз бар.
Жаңа канцлер Олаф Шольцтың бұл қадамын мамандар түсінбей отыр. "Фукусима" АЭС-дегі апаттан кейін Германияның атом энергетикасынан ерікті түрде бас тарту туралы шешіміне алғашқыда барлығы дән риза болды. Ал қазір бұл әрекет өзі отырған бұтақты өзі кескенмен тең. Апат кезінде 54 атом реакторы жұмыс істеген және кейіннен тексеру жүргізу үшін барлығы тоқтатылған Жапонияның өзі оларды қайтадан іске қосып жатыр. Себебі онсыз энергиямен қажетті көлемде қамтамасыз ету мүмкін емес.
Енді экология мәселесіне тоқталсақ, атом энергетикасын бірнеше жылдан бері экологиялық тұрғыда таза деп тануға тырысып жатыр. Өйткені АЭС жұмыс процесі кезінде өте аз көлемде парникті газ шығарады. Алайда бұл шешімге халықаралық бюрократия кедергі келтіріп отыр, деп жазды басылым.
Батыстағы экобелсенділер Германия осы қадамдардың салдарынан тығырыққа тірелетінін айтып жатыр. Себебі бұл шешім елде көмір тұтынудың өсуіне алып келеді. Ал бұл 2050 жылға қарай карбонсыз экономикаға көшу жөніндегі барлық жоспардың күл-талқанын шығарады.
Әлемдегі ең ірі көмір экспорттаушы саналатын Австралия үкіметі бір жылға арналған қаржы жоспарын қайта қарайтынын ресми түрде мәлімдеді. Канберра алдағы жылы энергия ресурстарын сату мен экспорттаудан түсетін кіріс 22 процентке өсіп, 272 миллиард долларды құрайды деп болжап отыр. Австралиялықтар тек энергетика көмірін сатудан-ақ 40 миллиард долларға жуық табыс табады.
Шын мәнінде, құрамында "жасыл экономиканы" жақтайтындар басым Германияның жаңа билігі бір қолымен климат үшін қауіпсіз атом электр станцияларын жауып тастаса, екінші қолымен нарықтағы мүдделі тараптарды қайтадан көмір жағуға итермелеп отыр.