НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. Бұқаралық ақпарат құралдарында "Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 5 қаңтарда зейнет жасқа толуына байланысты қызметтен кетуі мүмкін" деген ақпарат тарады. Оның келісімшарты аяқталды. Ал заң бойынша зейнет жасқа толған мемлекеттік қызметшінің келісімшарты бір жылға ғана ұзартылады.
Денсаулық сақтау министрлігі осы ақпаратты растады.
"Иә, ақпарат дұрыс. Бір жылға ұзартты, одан артық болмайды", - дейді мамандар.
Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевның айтуынша, Жандарбек Бекшин бүгіннен бастап жыл сайынғы еңбек демалысына шықты.
"Оның қызметтен кетуіне қатысты шешім кейінірек қабылданады. Жандарбек Мұхтарұлының қалауы да ескеріледі. Егер зейнетке шығамын десе, оны жұмыстан босатады", - дейді Байтанаев.
Бекшин еңбек демалысында болғанда оның міндетін департамент басшысының орынбасары Қарлығаш Әбдіжаббарова атқарады.
"Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бұйрығына сәйкес, Бекшин Жандарбек Мұхтарұлы еңбек демалысында болғанда 27 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында оның міндеті Қарлығаш Әбдіжаббароваға жүктелді", - делінген департаменттің ресми хабарламасында.
Бекшиннің өмірбаяны
Жандарбек Мұхтарұлы Бекшин 1958 жылы 5 қаңтарда Қостанай облысының Федоров ауданындағы Байғара ауылында дүниеге келген. 1982 жылы Ресейдің Свердлов мемлекеттік медициналық институты "Гигиена, эпидемиология, санитария" мамандығы бойынша тәмамдаған. Медицина ғылымдарының кандидаты.