Бекшин жаңа жылдан бастап қызметтен кетуі мүмкін
16:38 24.12.2021 (жаңартылды: 13:05 01.02.2022)
© Photo : акимат АлматыГлавный санврач Алматы Жандарбек Бекшин
© Photo : акимат Алматы
Жазылу
Бекшин еңбек демалысында болғанда оның міндетін департамент басшысының орынбасары Қарлығаш Әбдіжаббарова атқарады
НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. Бұқаралық ақпарат құралдарында "Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 5 қаңтарда зейнет жасқа толуына байланысты қызметтен кетуі мүмкін" деген ақпарат тарады. Оның келісімшарты аяқталды. Ал заң бойынша зейнет жасқа толған мемлекеттік қызметшінің келісімшарты бір жылға ғана ұзартылады.
Денсаулық сақтау министрлігі осы ақпаратты растады.
"Иә, ақпарат дұрыс. Бір жылға ұзартты, одан артық болмайды", - дейді мамандар.
Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевның айтуынша, Жандарбек Бекшин бүгіннен бастап жыл сайынғы еңбек демалысына шықты.
"Оның қызметтен кетуіне қатысты шешім кейінірек қабылданады. Жандарбек Мұхтарұлының қалауы да ескеріледі. Егер зейнетке шығамын десе, оны жұмыстан босатады", - дейді Байтанаев.
Бекшин еңбек демалысында болғанда оның міндетін департамент басшысының орынбасары Қарлығаш Әбдіжаббарова атқарады.
"Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бұйрығына сәйкес, Бекшин Жандарбек Мұхтарұлы еңбек демалысында болғанда 27 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында оның міндеті Қарлығаш Әбдіжаббароваға жүктелді", - делінген департаменттің ресми хабарламасында.
Бекшиннің өмірбаяны
Жандарбек Мұхтарұлы Бекшин 1958 жылы 5 қаңтарда Қостанай облысының Федоров ауданындағы Байғара ауылында дүниеге келген. 1982 жылы Ресейдің Свердлов мемлекеттік медициналық институты "Гигиена, эпидемиология, санитария" мамандығы бойынша тәмамдаған. Медицина ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолы:
- Целиноград қалалық санитариялық-эпидемиологиялық станциясының санитариялық дәрігері, коммуналдық гигиена бөлімшесінің меңгерушісі (1982 - 1987 жж.);
- Целиноград қалалық және облыстық халық бақылау комитеттерінің инспекторы (1987 - 1990 жж.);
- Целиноград облыстық санитариялық-эпидемиологиялық станциясының бас дәрігерінің орынбасары (1990 - 1998 жж.);
- Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Астана қаласы бойынша басқармасы бастығының орынбасары, бастығы, департамент директоры (1998 - 2011 жж.);
- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы – Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері (2011 – 2013 жж.);
- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті төрағасының орынбасары (2013 - 2014 жж.);
- Қазақстан Республикасы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері (2014 - 2014 жж.);
- Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері (2014 - 2017 жж.);
- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері (2017 – 2017 жж.);
- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің Төрағасы – Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері (2017 - 2019 жж.);
- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері (2019 – 2020 жж.);
- Алматы қаласының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы - Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері (2020 - 2020 жж.);
- 2020 жылдың қараша айынан бастап Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы - Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері.