НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. Алматы қаласындағы Алғабас шағын ауданында қаңғыбас иттер екі оқушыға тап берді, деп хабарлайды Almaty.tv арнасы.
"Мен өзім жұмыста болғанмын. Ұлымды ит тістеп алды дегенде естігенде зәре-құтым қалмады. Біз оны бірден ауруханаға апардық. Жараны таңып тастады. Қашанға дейін қайтанала береді? Біз өз өміріміз үшін қорқамыз", - дейді Айман Оспанова.
Алматыда қаңғыбас иттерді ұстап, арнайы жерге апарады. Үш күннің ішінде иесі табылмаса, жануарды ұйықтатып тастайды.
"Мысалы, бүгін біз 30 бұралқы итті ұстадық. Тәртіп бойынша оларды алдымен арнайы жерге жібереміз. Осы орайда қала тұрғындарына алғыс айтқымыз келіп отыр. Олар қаңғыбас иттердің жүрген жерінен фото мен видеоны ортақ чатқа салып отырады. Біз бірден сол жаққа шығамыз. Ұсталған жануарды кез келген адам үйіне алып кете алады. Бірақ алдымен құжатын жасатып, вакциналаудан өткізу керек", - Алғабас шағын ауданының жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Әбілхат Жапақ.
Жалпы, жыл басынан бері мамандар 15 мыңға жуық панасыз жүрген жануарды ұстаған. Иелері 2,5 мың жануарды алып кетті. Тәртіп бойынша көшеде иесіз жүрген кез келген жануар қаңғыбас болып саналады. Оны міндетті түрде ұстап, арнайы жерге апарады.
Бұған дейін Өскемен қаласына жақын жерде 6 жастағы қызды иттер талап өлтірген болатын.